Әуе көлігі: Қазақстан аэротакси дәуіріне дайын ба

АСТАНА. KAZINFORM – Бір қаладан екінші қалаға 15 минутта жетуге болады. Қазақстанның Көлік министрлігі бұл тұжырымды фантастика емес, алдағы 2 жылда орындалатын жоспар ретінде сипаттап отыр. Бұл саланы игеріп жатқан компанияның мәліметіне қарағанда, 2028 жылға дейін аэротакси 5 бағытта қатынап, Алматы, Қонаев және Алатау қалаларын байланыстырады.

аэротакси
Фото: Александр Павский / Kazinform

Аэротакси немесе eVTOL электр қуатымен жұмыс істейтін, тік көтеріліп-қона алатын қала көлігі. Аппарат арнайы жабдықталған вертипорттан ұшады. 2021 жылы қытайлық EHang компаниясы алғаш аэротаксиді ұшырып көрді. Ал биыл 19 мамырда Alatau City аумағында аэротакси сынақ режимінде ұшты. Осы орайда министр Нұрлан Сауранбаев әуе таксиінің жұмысына қатысты түсініктеме берді.

- Аэротаксиге арналған қону алаңдары салынып жатыр. eVTOL аппараттарын сатып алу бойынша жұмыс басталды. Нормативтік-құқықтық актілерді Парламентке жіберу бойынша жұмыс атқарып жатырмыз. Парламент бізді қолдайды деп үміттенеміз, - деді министр.

Аэротакси Алатау қаласындағы Golden District-тен Қаржы орталығына дейін, Алматы әуежайынан Golden District-ке дейін, Қонаев қаласынан Golden District-ке дейін, Алматы әуежайынан Қаржы орталығына дейін, Қаржы орталығынан Медеуге дейін қатынайды.

Әлем елдерінде әуе таксиі сынақтан өтіп, коммерциялық қызмет көрсете бастады. Дегенмен, «Аэротакси елімізге шынымен қажет пе? Оны кім пайдаланады? Бағасы қарапайым тұрғындарға қолжетімді бола ма? Қала инфрақұрылымы жаңа көлік түріне бейімделе ала ма?» деген сауалдар туындайды. Бұл мақала жаңа технологияны сипаттаумен шектелмей, аэротакси қолданысындағы мәселелерді талдайды.

Мемлекеттік реттеу

Аэротакси жобасын түсіну үшін алдымен «төмен биіктіктер экономикасы» ұғымына тоқталған жөн. 2025 жылы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев алғаш рет төмен биіктік экономикасына қатысты мәлімдеме жасады.

аэротакси
Фото: ҚР Көлік министрлігі


Бұл – жер бетінен 1000 метрге дейін ұшатын жүк жеткізу дрондарын және телекоммуникация сымдарын қамтитын жүйе. Осы бағыт логистика және халыққа қызмет көрсету салаларының бір бөлігін жерден әуе кеңістігіне көшіруді ескеріп отыр.

Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бағытқа ерекше назар аударып отыр. Үкімет басшысы Көлік министрлігіне қалалық әуе ұтқырлығына қатысты заңнамалық түзету әзірлеуді тапсырды. Ал премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Алатау қаласын дамытудың негізгі бағыттарының бірі – шағын авиацияны реттеу.

- Алатау қаласында аэротакси не дрондарды 120 метрден жоғары, ұзақ қашықтыққа ұшыруға мүмкіндік беретін алаң салынбақ. Бұл аппарат әзірге тек Қытайдың Шэньчжэнь қаласында бар, - деп мәлімдеді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Қанат Бозымбаев ұсынған мәліметке сай, Қазақстан америкалық Joby Aero және қытайлық AutoFlight компанияларымен бірге жұмыс істеп жатыр.

22 мамырда Көлік министрлігі заңнамаға аэротаксиге қатысты түзету енгізуді ұсынды. Министрлік бір жыл бойы аэротакси жұмысын реттеушілермен бірлесіп заңнамадағы өзгеріс бойынша жұмыс жүргізген.

 Правила для аэротакси и воздушного транспорта создают в Казахстане
Фото: Көлік министрлігі

Ведомство мәліметінше, Алатауда қытайлық AutoFlight компаниясының аппараты сынақтан өтіп жатыр. Оның ұшу радиусы – 250 шақырым, ал жылдамдығы сағатына 200 километрге дейін жетеді. Сонымен қатар Қазақстан EASA мен FAA секілді халықаралық авиациялық реттеушілердің тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істейді.

Аэротаксиді қолдануға қаншалықты дайынбыз?

Аэротакси құрылысымен Alatau Advanced Air Group (AAAG) компаниясы айналысады. Компания инвестиция тартумен қоса аэротакси жұмысын реттеуге жауап береді. Елде аэротаксидің екі түрі қолданылмақ, біріншісі – AAAG eVTOL, ал екіншісі – AutoFlight Prosperity I. Аэротаксиден бөлек AAAG төмен биіктік экономикасын дамыту үшін дрон қолдануды жоспарлап отыр.

- Алатау қаласы – Urban Air Mobility (қалалық әуе ұтқырлығы) технологияларын енгізуге арналған ең қолайлы алаң. Әлемдік тәжірибеде аэротакси жүйесін қала инфрақұрылымына арнап бейімдеу қажет. Ал жаңадан жоспарланып, салынып жатқан Алатау қаласында технологияның әлеуетін толық пайдалануға болады, - деді (AAAG) жобалар менеджері Данияр Өтеулин.

аэротакси
Фото: Александр Павский / Kazinform

Компания үш деңгейлі қауіпсіздік жүйесін ұсынып отыр. Аэротаксидің әр функциясы керек кезде бір-бірінің қызметін алмастыра алады.

Электр қуатымен жүретін аэротакси қоршаған ортаны ластамайды. Көлік ұшқан кезде шығатын дыбыс тікұшақ және жәй көлікке қарағанда төмен. SUTPC (Shenzhen Urban Transport Planning Center) компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Фокс Яңның айтуынша, басқару жүйесінің негізінде жасанды интеллект жатыр.

- ЖИ әр рейсті нақты уақыт режимінде бақылап, қосымша қадағалап отырады. Сонымен қатар дрон алдында тұрған кедергіні бірден байқап, өзі шешім қабылдай алады, - деді ол.

A2Z Drone Delivery компаниясының негізін қалаушы Аарон Чжан дрон жаңбыр, қар және 7 балдық жел соқса да жұмыс істей алатынын атап өтті. Құрылғы -10°C-ден +45°C-ге дейін қалып режимде жұмыс істей алады. AAAG аэротакси арқылы 500 млн доллар инвестиция тартуға болады деп жоспарлап отыр.

Әуе таксиі 3000 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. 2028 жылы Alatau Skyline әуе желісі толық іске қосылып, коммерциялық рейстер қатынамақ.

әуе көлігі
Инфографика: Kazinform

 

Аэротакси кім үшін тиімді болмақ?

Ресми мәлімдемелерде аэротакси кептелісті азайтатын және уақытты үнемдейтін көлік ретінде сипатталады. Әсіресе, Алматы агломерациясының кеңеюі мен қала маңындағы қозғалыстың артуы жаңа транспорт түріне сұраныс қалыптастыруы мүмкін.

Осы орайда көпшілікті қызықтыратын сұрақтардың бірі – аэротаксидің бағасы. Әлемдік тәжірибеде eVTOL аппараттарының алғашқы коммерциялық рейстері әдетте тікұшақ қызметіне жақын бағамен ұсынылады. Қазақстанда да нақты тариф әлі жарияланған жоқ.

«Alatau City Authority» мемлекеттік қорының Бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың айтуынша, жолаушылар 1 шақырым қашықтыққа орта есеппен 1 доллар төлейді.

- Бүгінде таксилердің де эконом, комфорт, комфорт плюс тәрізді деңгейлері бар. Ал аэротаксидің жол ақысы таксидің ең жоғары класындағы бағамен сәйкес келеді. Өйткені, оның артықшылықтары бар екені түсінікті. Баратын жерге кептелісте тұрмай, тез жеткізеді, - деді ол.

әуе көлігі
Фото: ААК

Қауіпсіздік мәселесі қалай шешіледі?

Urban air mobility жүйесі тек аппараттардың өзіне ғана емес, әуе инфрақұрылымына да тәуелді. Оған арнайы қону алаңдары, автономды навигация, әуе қозғалысын бақылау, төтенше жағдайда қону жүйелері және қалалық әуе кеңістігін реттеу секілді факторлар кіреді.

«Қазақстан авиациялық әкімшілігінің» бас атқарушы директоры Майкл Дэниелдің айтуынша, 2025 жылы елде ұшақтар құстармен 280 рет соқтығысқан. Бұл Қазақстанның urban air mobility жүйесіне көшуі тек жаңа аппараттарды сатып алумен шектелмейтінін көрсетеді. Ол үшін бүкіл әуе кеңістігін басқару жүйесін қайта қарау қажет болуы мүмкін.

Сарапшы пікірі

Авиация сарапшысы Серік Мықтыбаевтың пікірінше, аэротакси жобасы қазір көлік мәселесін шешетін құралдан гөрі технологиялық және имидждік бастамаға көбірек ұқсайды.

- Ірі қалаларда кептеліс пен көлік жүктемесін азайту үшін ең алдымен жерүсті рельс транспортын дамыту маңызды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мегаполистердегі жолаушылар ағынын тиімді тасымалдаудың негізгі құралы – метро, жеңіл рельсті көлік және қала маңындағы теміржол желілері. Алматы сияқты ірі қала үшін бұл бағыт әлдеқайда өзекті, - дейді сарапшы.

авиация сарапшысы
Фото: Серік Мықтыбаевтың жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, аэротаксиді қолдану кезінде қауіпсіздік мәселесіне аса назар салу керек. Әсіресе, құстармен соқтығысу қаупі азаматтық авиацияда бұрыннан бар факторлардың бірі болып қала береді.

Сонымен қатар сарапшы аэротакси қызметінің бағасы әзірге айтылып жүрген кейбір болжамдардан әлдеқайда жоғары болуы мүмкін екенін айтады.

- Бұл жобаны орындау үшін ұшу аппараттарын сатып алу жеткіліксіз. Қону алаңдарын салу, техникалық қызмет көрсету жүйесін құру, маман даярлау, инфрақұрылымды күтіп ұстау сияқты шығындар бар. Сондықтан бір шақырым үшін 1 доллар тариф қою туралы болжам нарықтағы жағдайға сәйкес келмеуі мүмкін. Мәселен, АҚШ-та аэротакси қызметінің құны айтарлықтай жоғары деңгейде қарастырылып отыр, - дейді ол.

Сарапшының пікірінше, әлемнің көптеген елдерінде аэротакси технологиясы әлі де сынақ кезеңінде. Қытай мен АҚШ-та эксперименттік ұшулар жүргізіліп жатқанымен, олар негізінен қауіпсіздік талаптары толық қамтамасыз етілген арнайы аймақтарда жүзеге асырылады.

- Болашақта бұл технологияның өз аудиториясы қалыптасуы мүмкін. Алғашқы кезеңде ол жаппай көлік түрінен гөрі белгілі бір санаттағы жолаушыларға арналған сервис немесе туристік-танымдық өнім ретінде сұранысқа ие болады. Сондықтан жобаның коммерциялық тиімділігі мен халық арасындағы нақты сұранысы уақыт өте келе анықталады, - дейді Серік Мықтыбаев.

Әлем тәжірибесі

Әлемде аэротаксиді толық пайдаланатын елдердің қарасы көп емес. Олардың қатарында Қытай көш бастап тұр. Ел аэротакси қолданысын коммерциялық деңгейге жеткізген. Қытайлық EHang компаниясы мемлекеттік органдардан eVTOL аппаратын пайдалануға арналған сертификат алған. EH216-S аппараты Гуанчжоу мен Хэфэй (1000-1200 шақырым) қалаларының арасында коммерциялық рейстерді орындайды.

Премьер-министр аэротакси мен басқа да ұшу аппараттарына қатысты тапсырма берді
Фото: jobyaviation/instagram

Қытайда аэротакси нарығын дамыту үшін сертификат алудың жеңілдетілген тәсілі қолданылады. Сонымен қатар елде eVTOL қалалық көлік жүйесіне интеграцияланған. Қытайда аэротакси негізінен экскурсия ұйымдастыру және қысқа қашықтықтар арасында қатынау үшін қолданылып жүр.

Бұдан бөлек, әуе такси нарығын ілгерілеткен елдер қатарында Біріккен Араб Әмірліктері де бар. Ел билігі Дубай мен Абу-Дабиде қалалық аэротаксиді іске қосуды дамытып жатыр. Билік eVTOL-ға арналған бірнеше вертипорт салуды қолға алған. Аэротаксиге Uber/қарапайым такси қосымшасы арқылы тапсырыс беріп, әуежайдан Пальма Джумейра аралына дейін 10 минутта жетуге болады. Көлікпен бұл уақыт 45 минутқа созылады. Сапар құны 95 доллардан басталып, 150 долларға дейін жетуі мүмкін (44 мың теңге мен 70 мың теңге аралығы).

Ал АҚШ әлем бойынша аэротакси әзірлеудің орталығы танылады. Елде Joby Aviation, Archer Aviation және Wisk Aero сияқты ірі өндірушілер бар. Аталған компаниялар аэротаксиді сынақтан өткізіп жатыр. АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) күрделі сертификаттау рәсіміне байланысты жолаушыларды толыққанды коммерциялық тасымалдау әлі басталмаған.

АҚШ-та аэротакси әуежайлар мен қала орталығы арасындағы тасымал, корпоративтік сапарлар, медициналық логистика және туризм салаларында қолданылмақ. Сынақ режиміндегі әуе сапарлары Калифорния және Нью-Йорк штаттарында жүргізіліп жатыр.

Мұнымен қоса, Жапония ірі қалаларды технологиялық жаңғырту үшін қалалық әуе мобильділігін дамытуды қолға алған. Толық ауқымды коммерциялық рейстер (Токио үстіндегі тұрақты рейстерді қоса алғанда) 2028 жылға жоспарланған. Елдегі аэротакси қызметіне SkyDrive стартапы жауап береді. Тұрақты сынақ Токио шығанағының үстінен де, сондай-ақ елдің басқа өңірлерінде де өтеді.

Атап айтқанда, Германия – Еуропадағы аэротакси нарығының көшбасшысы. Volocopter және Lilium компаниялары елде жаңа көлік құралын дамытумен айналысады. Аталған ұйымдар Еуропадағы алғашқы жолаушы тасымалдайтын eVTOL әзірлеушілерінің бірі болып, сынақ түріндегі әуе сапарларын өткізген. Алайда, Еуропа нарығы қауіпсіздік талаптарының қатаңдығы, күрделі сертификаттау және жобалардың жоғары құнына байланысты баяу дамып келеді. Соған қарамастан, Еуро одағы қалалық әуе мобильділігін зерттеуге қаржы бөлуді жалғастырып жатыр.

Таяу Шығыс аймағында аэротаксиге деген қызығушылық қарқынды өсіп келеді. 2025 жылы EHang компаниясы Қатар Көлік министрлігімен бірлесіп Дохада алғашқы рет eVTOL-ды ұшырып көрді. Парсы шығанағы елдері аэротаксиді «ақылды қала» стратегиясының, технологиялық жаңғыртудың және мұнайдан кейінгі экономиканы әртараптандырудың бір бөлігі ретінде қарастырады.

                                                                                        Автор: Дария Ғұмар