Әуе компаниялардың қызметі де, ұшақтардың техникалық сипаттамасы да үлкен күмән тудырады - Б. Смағұл

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстандағы әуе компанияларының қызметі де, ұшақтардың техникалық сипаттамасы да үлкен күмән тудырады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл осы мәселені көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған еді.

Әуе компаниялардың қызметі де, ұшақтардың техникалық сипаттамасы да үлкен күмән тудырады - Б. Смағұл

«Инфрақұрылым - ел экономикасының күретамыры. Бірақ соңғы жылдары әуе кеңістігінде азаматтарымызды тасымалдайтын ұшақтардың техникалық сипаттамасы үлкен күмән тудырып келеді. Осы тұста, 2012 жылы «Скат» әуе компаниясының өткен жылғы апаты есімізге түседі. Бірақ одан бөлек, қолымыздағы ақпараттарға байланысты мемлекетіміз «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы қатысып отырған «Эйр Астана» компаниясына да туындайтын сауал жетерлік», - дейді депутат.

Осы ретте Б. Смағұл «Время» газетінен «Эйр Астана» компаниясының материалдық базасындағы 21 борт Кариб теңізіндегі Аруба деген арал-мемлекетте тіркелгендігі жөнінде ақпарат оқығанын, ал әуе компаниясының баспасөз орталығы таратқан ақпаратқа сәйкес, еліміздің экономикасына 2008 жылы бұл компания тек 1 млн. 946 мың 793 теңге төлегенін алға тарты. «Бұл өте күмәнді сандар бұлыңғыр ой қалыптастырады. Екіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын «Эйр Астанаға» байланысты жағымсыз жаңалықты еститін болдық. 2012 жылдың 28 қазанында Атыраудан Ыстамбұлға ұшқан ұшақ түрік жеріне табан тірегеннен кейін, істен шыққан. Үстіміздегі жылдың 27 қазан күні Малайзияның астанасы Куала-Лумпурдан Алматыға ұшатын әуе борты 30 сағатқа кешіктірген. Оның қосалқы құралдары Лондоннан әкелінген делінеді. 9 қараша күні Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиге ұшатын ұшақ істен шығып, жолаушылар резервтегі ұшақпен ұшқан», - дейді депутат Б. Смағұл. Осыларды айта келе, депутат бірнеше сауалды ортаға тастады. «Эйр Астана» компаниясының әуе борттарының бүгінгі күнгі материалдық-техникалық жағдайы қандай? Мемлекеттің байлығы өз азаматтарына бұл компания жақсы қызмет көрсетіп отыр ма? Көлік және коммуникация министрлігі әуе кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты көңіл бөліп отыр? «Скат» әуе компаниясынан опат болған оқиғадан сабақ алды ма? Оффшорлық жүйемен Арубада тіркелген борттар арқылы елімізге қанша салық сырттай қалып жатыр? Ең басты сұрақ, «ЭКСПО-2017» дейміз, «Қазақстан-2050» дейміз, үлкен даму кезеңдерінің алдында ұлттық компаниялар өздеріне жүктелген жауапкершілікті сезініп жатыр ма?» - деді ол.