Әуе компаниялары бір жылда бюджеттен 6,9 млрд теңге субсидия алған

Әуе компаниялары бір жылда бюджеттен 6,9 млрд теңге субсидия алған
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында қандай әуе компанияларының бюджеттен қанша субсидия алғанын мәлім етті.

«2023 жылғы конкурстық нәтижелерге байланысты мынадай авиакомпаниялар субсидияланатын бағыттарды орындады: «SCAT» авиакомпаниясына 9 бағыт бойынша 4,1 млрд теңге субсидия бөлінді. «QAZAQ AIR» авиакомпаниясына 6 бағыт бойынша 1,4 млрд теңге субсидия бөлінді. «Южное небо» авиакомпаниясына 4 бағыт бойынша 1,4 млрд теңге субсидия бөлінді», - делінген ведомство мәліметінде.

2022 жылы да осы үш компания субсидияланатын бағыттарға жолаушы тасымалдаған болатын. Нақтырақ айтсақ, «SCAT» компаниясына 10 бағыт бойынша 3,3 млрд теңге, «QAZAQ AIR» компаниясына 7 бағыт бойынша 1,7 млрд теңге, «Южное небо» компаниясына 4 бағыт бойынша 0,9 млрд теңге субсидия бөлінген.

«Авиамаршруттар бойынша ішкі тұрақты тасымалдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергiлiктi атқарушы органдарының шешiмi негiзiнде жүзеге асырылатын, авиамаршруттың тиiмдi жұмыс iстеуi үшін қажетті кiрiс деңгейін қамтамасыз етпейтін тасымалдар бюджет қаражаты есебінен субсидиялауға жатады. Субсидиялауға әрбір авиамаршрут бойынша бөлінген бюджеттік субсидиялардың жылдық сомасы шегінде авиатасымал кезінде жолаушыларды, жүкті, поштаны және багажды тасымалдаудан алынған кіріс пен қалыптасатын пайдалану шығыстарының сомасы арасындағы айырма жатады. Жоғарыда айтылғанның негізінде, мемлекет авиакомпанияларды емес, әуе бағыттарын субсидиялайды», - деп жазылған ресми жауапта.

Министрлік мамандары Air Astana әуе компаниясы былтыр мемлекеттен субсидия алмағанын айтады. Себебі конкурстарға қатыспаған.

Соңғы жаңалықтар
telegram