Әуе рейстерінің тұрақтылығы 3 пайызға артты - ҚР ККМ
АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 10 айында Қазақстандағы әуе рейстерінің тұрақтылығы 87,3 пайызды құрады.
Еліміздің әуежайлары 46 015 әуе рейстеріне қызмет көрсетсе, оның - 5818 рейсі кешіктірілген. ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен жылдың аталған мерзімімен салыстырғанда әуе рейстерінің тұрақтылығы 3% артып отыр. Кешіктірулердің негізгі себептері - әуе кемелерінің уақытынан кешігіп келуі, әуежайлардағы метео жағдайлар және ұшақтардың техникалық ақаулары.
ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мықтыбаевтың айтуынша, әуе рейстерінің ұшу тұрақтылығын арттыру мақсатында министрлік күн сайын кешіктірілу оқиғаларына мониторинг жүргізіп отырады. Бұдан басқа, «Кейбір заңнамалық актілерге көлік мәселесі жөнінде өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында рейстердің кешіктірілгені үшін әуе тасымалдаушыларды жауапкершілікке тарту шараларын күшейту қарастырылған.
Рейстердің кешіктірілу себептері, мұндай жағдайлардағы жолаушылардың құқығы мен әуекомпанияларының жауапкершілігі бүгінгі ҚР Көлік және коммуникация министрлігі мен «Астана халықаралық әуежайы» АҚ және «Эйр Астана» АҚ бірлесіп Астана әуежайында ұйымдастырған дөңгелек үстел басында талқыланды.
Тәжірибе көрсеткендей, жолаушылардың көпшілігі өз құқықтарын толық білмейді және әуе компанияларының кінәсінен рейстер кешіктірілген жағдайда жолаушыларға көрсетілер қызметтер толық жазылған «Әуе кемелерінде жолаушыларды, багаж және жүк тасымалдау» ережелерімен де таныс емес. Бірінші кезекте, 7 жасқа дейінгі балалары бар жолаушыларды әуежай (әуежайларда кешіктірілу орын алған жағдайда) ана мен балаға арналған бөлмеге орналастыруы тиіс. Сонымен бірге жолаушылардың халықаралық байланыс жүйесі арқылы екі рет, сөйлесу ұзақтығы 5 минуттан аспайтын қоңырау шалуға немесе рейсті екі сағаттан астам уақыт күткен жағдайда электрондық пошта арқылы 2 хабарлама жіберуге құқықтары бар. Егер ұшу уақыты екі сағаттан артық уақытқа кешіктірілгенде жолаушылар сусынмен, ал төрт сағаттан астам уақытқа кешіктірілген жағдайда ыстық тамақпен қамтамасыз етулері тиіс. Ал, күндіз 8 сағаттан артық уақытқа, түнгі мезгілде 6 сағаттан астам уақытқа кешіктірілген жағдайда әуекомпания жолаушыларды қонақүйлерге орналастыруы тиіс. Күту уақыты 10 сағаттан асып кеткен жағдайда жолаушының қалауы бойынша билеттің толық құнын қайтарады немесе ең жақын уақыттағы басқа рейспен ұшуға құқық береді.