Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарды пысықтады - ҚР ҚМ (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - 97617 әскери бөлімінің қолбасшылығы Алматы өңірлік гарнизоны Әскери полициясы жасағының қызметкерлерімен бірлесіп диверсияға қарсы қорғаныс бойынша практикалық көрсетілімді сабақтарды өткізді, деп хабарлайды ҚР ҚМ баспасөз қызметі.
Оқу-жаттығуға Алматы гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері мен штаб бастықтары, сондай-ақ Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары қатысты. Өткізілген іс-шараның мақсаты жеке құрамның күзетілетін нысандарда қауіп-қатер туындауының алдын алу мәселелерінде бірыңғай ұғыну және іс-қимыл алгоритмін пысықтау болып табылады.
«Біз төтенше жағдайлар туындаған кезде арнайы мақсаттағы бөлімшелермен өзара іс-әрекет ететін күштердің ұйымдастырылуы мен іс жүзінде орындалуын көрсеткіміз келді», - деді 97617 әскери бөлімі әскерлер қызметі бөлімінің бастығы подполковник Виктор Сидоренко.
Оқу-жаттығуды 97617 әскери бөлімінің командирі, подполковник Бақытжан Дүйсебеков пен осы бөлімнің штаб бастығы майор Алтынбек Исақанов өткізді. Оқу-жаттығу кезінде кіреберіс жолдарды, әскери нысандардың өлшемін немесе әскери бөлімді қаруланбаған адамдармен бұғаттау кезінде әскери бөлім командирлерінің, тәуліктік нарядтағы лауазымды адамдар мен әскери бөлім жеке құрамының практикалық іс-қимылдарын көрсетті. Оқу-жаттығуға қызметтік иттермен бірге кинологиялық қызметтің қызметкерлері және жедел ден қою тобы тартылды.