Әуе жүктерін өңдеу үшін Қазақстан әуежайларына ЖИ енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда IATA e-Freight халықаралық стандарты бойынша авиациялық жүк логистикасын цифрландыру аясында ЖИ құралдарын енгізу жоспарланып отыр. Процестерді цифрландыру коммерциялық құжаттарды өңдеу кезінде деректерді енгізуді жылдамдатуға мүмкіндік береді, процедура уақытын 30 минуттан бірнеше секундқа дейін қысқартады. Бүгінгі Үкімет отырысында TransInfoTech компаниясының бас директоры Мәлік Бердіғалиев саланы автоматтандыру туралы айтып берді. 

Әуе жүктерін өңдеу үшін Қазақстан әуежайларына ЖИ енгізіледі
Фото: Астана әуежайы

Спикердің айтуынша, бүгінгі таңда e-Freight бірыңғай платформасына Қазақстанның 17 әуежайы мен 56 авиатасымалдаушысы қосылған. Жүйе Азаматтық авиация комитетіне, Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне және ҰҚК Шекара қызметіне жүк ағынының толассыз мониторингі мен талдауын жүргізуге мүмкіндік береді.

— Келесі қадам — электронды авиа жүк құжаттарын кедендік декларациялау жүйесінде толыққанды құжаттар ретінде тану. Мұнда Қаржы министрлігінің көмегі керек. Бұл авиациялық жүктерді қағазсыз және автоматтандырылған түрде толықтай кедендік ресімдеу үшін жағдай туғызады, халықаралық логистиканы жеделдетеді және Қазақстанның өңірлік транзиттік хаб ретіндегі бәсекеге қабілеттігін арттырады, — деп атап өтті Мәлік Бердіғалиев.

Жоба шеңберінде ветеринариялық бақылау бөлігін Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараттық жүйесімен интеграциялау толығымен аяқталды. Бұл ішкі жүк тасымалын электрондық авиа жүк құжаттарына ауыстыруға мүмкіндік берді.

— Қазір мұндай жұмыстар халықаралық бағыттар бойынша жүргізілуде — KEDEN кедендік ресімдеу жүйесімен интеграция аяқталуда, ол арқылы тауарлар мен жүктердің келу фактілері туралы алдын ала деректер электрондық форматқа ауыстырылады, — деді Мәлік Бердіғалиев.

Айта кетейік, Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына бөлінетін грант саны жылдан-жылға артып келеді. Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де 90% жеткен.

Сондай-ақ, Қазақстанда Авиациялық ғылыми-зерттеу институты құрылады.