Әуеде құспен соқтығысып қалған ұшақ әуежайға шұғыл қонуға мәжбүр болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық US Airways әуе компаниясының Вашингтонға бет алған ұшағы құспен соқтығысып қалып, Нью-Йорктің Ла Гуардия әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
Fox News телеарнасының хабарлауынша, бортында 96 жолаушысы мен 5 экипаж мүшесі бар Airbus A319 ұшағы әуе көтерілгеннен кейін құспен соқтығысып, соның салдарынан ұшақ әуежайға қайта оралды. Осыдан кейін жолаушылар басқа рейспен Вашингтонға аттанып кетті. Зардап шеккендер жайында еш ақпарат жоқ. Осы оқиғаға байланысты АҚШ Азаматтық авиациясының федералды басқармасы тергеу амалдарын жүргізуде.
Айта кетерлігі, апта ішінде Ла Гуардия әуежайында дәл осындай тағы бір оқиға орын алған болатын. Сәрсенбі күні Чикаго-Нью-Йорк бағытында қатынайтын United Airlines компаниясының ұшағы әуежайға қонуға келе жатып құспен соқтығысқан еді.