Әуесқой хоккейшілер арасындағы «түнгі чемпионат» өз мәресіне жетті

АСТАНА. 9 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше Астанада шайбалы хоккейден әуесқойлар арасындағы қалалық ашық чемпионаттың 2012 жылғы маусымы өз мәресіне жетті.
None
None

Шара Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Астана қалалық Туризм және спорт басқармасының және «Жігер» спорт клубының ұйымдастыруымен жүзеге асқан аталған чемпионат алғаш рет өткізіліп отыр. Дегенмен, тұңғыш рет өткізілгеніне қарамастан, оған қатысушылар саны айтарлықтай болды. Ашық чемпионаттың бірінші матчы 4 ақпан күні «Астана» және «Қызыл құйғын» командаларының арасында өткен болатын. Ойынның басым бөлігі кешқұрым өткендіктен қатысушылардың арасында «түнгі чемпионат» аталып кеткен бұл шара барысында үш ай бойы әуесқой командалар арасында толайым тартыстар өрбіді.

Айта кетейік, турнирдің алғашқы күні 11 команда қатысуға ниет танытқан болатын, оның құрамындағы спортшылардың өзі әртүрлі сала қызметкерлері еді. Чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда 10 ұпайдан еңсерген 6 команданың жеңіс үшін бақ сынауға мүмкіндігі болды. Онда алғашқы үштікті «Барыс Фанс»  19 ұпаймен, «Қалқан» 18, және «Арлан» хоккей клубы 17 ұпаймен иелік еткен болатын.

Соңғы үш аптада көшбасшы үштікте айтарлықтай өзгерістер болды. Мәселен, турнирде көш бастап тұрған, «Барыс Фанс» «НұрДәулет» және «Астана строй монтаж» командаларын айқын басымдықпен  жеңген болатын. Дегенмен, олар екінші орынға иелік етті. Өйткені, бірінші орынға ешқандай жеңіліс көрмеген «Қалқан» командасы (ҚР Президентінің Күзет қызметі мен ҰҚК құрама командасы) шығып отыр. Олардың еншісіне 27 ұпай жазылған еді. Ал үшінші орын «Арлан» командасын ұтқан «Астана» хоккей командасына бұйырды.

Турнирдіңүздік ойыншылары болып  Жасұлан Әбдіхалықов («Астана» командасы - Спорт басқармасының құрамасы), Игорь Канкин («Беркут») , Марат Қабжанов  («Арлан»), Ярослав Копелюх («Бригада 27»), Виталий Сохнов («Красные ястребы»), Асхат Садықұлов («Калкан») және тағы басқалары танылды.

Чемпионаттың марапаттау және салтанатты жабылуы барысында өткен үш тур бойынша да үздік танылғандар марапатталды.

Көзге түсіп, жанкүйерлер ықыласына бөленген спортшыларға сыйлықтарды Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстанның Шайбалы хоккей федерациясы Атқару комитетінің мүшесі Ерлан Қожағапанов табыс етті. «Бұл  - жеңістен гөрі оның ойын барысындағы үдерістің маңыздылығын білдіретен чемпионат болып отыр. Сондықтан да, оның жалғасын табуы аса қажет деп білемін», - деп атап өтті әкім орынбасары.

Сөйтіп, әуесқойлар арасындағы тұңғыш хоккей маусымы өз мәресіне жетті. Келесі жылы ойыншылар да, ұйымдастырушылар мен жанкүйерлер де «әуесқойлар алтыны» үшін мұз айдынына шығатындар саны арта түседі деп үміттенеді.

Соңғы жаңалықтар