Әуез Елубаев бильярдтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды

АЛМАТЫ. Маусымның 29-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда бильярдтың «Еркін пирамида» Азияның ашық чемпионаты өтті,

Әуез Елубаев бильярдтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төрт күнге созылған дәстүрлі бұл жарысқа биыл 15 елден 86 спортшы қатысқан болатын. Тартысты өткен сайыстың ақтық сынында қазақстандық Әуез Елубаев пен беларустық Евгений Курта кездесті. Ә.Елубаев бұл додада өз отандасы Жамал Жұманиязовтан ғана ұтылған болатын. 2008 жылы Қазақстанның абсолютті чемпионы, ал биыл Әлем кубогының жеңімпазы атанған ол Әлихан Қаранеев, Дмитрий Баев сияқты саңлақтарды жарыс жолынан шығарып тастады. Ал Беларус елінің 8 дүркін чемпионы, ұлттық рейтингтің көшбасшысы  Е. Курта болса бұл жарыста бірде-бір жеңілістің ащы дәмін татқан жоқ. Ол Эмиль Мударисов, Ярослов Винокур, Дмитрий Богушевский тәрізді спортшылардан басым түсті. 

Беларус елінің  халықаралық дәрежедегі төрешісі Юрий Черванов бастаған қазылар алқасының төрелігімен өткен байрақты бәсекенің ақтық сайысы 8 партияға созылды. Онда 6:2 есебімен Е. Куртаның бағы жанып, ол өзінің алғашқы алтын медаліне қол жеткізді. Азия чемпионы бұған дейін халықаралық ірі жарыстарда тек қола жүлдені қанағат етіп келген болатын. Жалпы    Беларус бильярдшылары  биыл алғаш рет  Азияның ашық чемпионатында топ жарып отыр. Бұған дейін онда ресейліктер 3 рет, ал қазақстандықтар мен украиндықтар  екі реттен чемпион атанған болатын.

Биыл чемпиондық атақты Евгений Курта, ал күміс жүлдені Әуез Елубаев иеленді. Ал  қазақстандық Нұркен Сүйкембаев пен ресейлік Дмитирий Богушевский қола жүлдені бөлісті.  ҚР Бильярд спорты федерациясының президенті Аңсар Қаранаев жеңімпаздары марапаттау рәсімі кезінде ұлтық рейтингте екінші, ал әлемдік рейтингте үздік бестіктің қатарына кіретін Әуез Елубаевқа  халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің куәлігін табыс етті.