10:43, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Әуез Елубаев бильярдтың «Аралас пирамида» түрінен Әлем кубогын иеленді
АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бильярдтың «Аралас пирамида» түрінен Алматыда Әлем кубогында қазақстандықтардың мерейі үстем болды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.12 елден жиналған 56 спортшының төрт күн бойы әлемнің ең үздік бильярдшысы атану үшін өзара сайысқа түскен болатын. Тартысты өткен бұл сындарда қазақстандықтардың мерейі үстем шығып, ақтық сында бір-бірімен кездесті. Былтыр 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанған Әлихан Қаранеев пен Қазақстанның абсолютті чемпионы Әуез Елубаевтың арасындағы бұл ойын тартысты өтті. Жеңімпаздың есімі 11-ші партияда ғана анықталды. Бұл сында атақты қарсыласын 8:5 есебімен қапы қалдырған Әуез Әлем кубогының иегері атанды. Үшінші орынды украиндық Александр Паламарь мен ресейлік Даниил Богушевский бөлісті. Әлем кубогының 2007 жылғы жеңімпазы Александр жартылай финалда Әуезден, ал Даниил Әлиханнан ұтылған болатын. Әлемдік рейтингте 3-ші сатыда тұрған украиндық спортшы 14-ші сатыда келе жатқан Әуезден осымен үшінші рет жеңіліп отыр. Әуез бұл жарыста украиндық әлем чемпиондары Ярослав Винокур мен Александр Паламарьды және олардың отандасы Вадим Корягинді, өзбекстандық Зухридин Хашимовты, моңғолиялық Серік Сауытовты, ресейлік Дмитрий Баевты жеңіп, тек өзінің командалас серігі Эмиль Мударисовтан ғана ұтылған болатын. Әлихан да әлемнің 3 дүркін чемпионы атанған өз отандасы Қаныбек Сағындықов пен беларус Евгений Курта және ресейлік Даниил Богушевский сияқты есімі әлемге мәшһүр спортшыларды ұтып, тек ақтық сында ғана жеңілістің ащы дәмін татты.