Әуежай маңында адасып кеткен қостанайлыққа көмек көрсетілді
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Әуежай маңында адасып кеткен Қостанай қаласының тұрғыны табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
5 ақпан күні түнгі сағат 2.30 шамасында Қостанай қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесіне ер адамны адасып кеткені туралы хабарлама түседі.
«Полиция қоңырау шалып, көмек сұраған азамат әуежай маңында тоңып, өзін жайсыз сезініп жатқандығын айтқан. Әуежайдың ұшу жолағының маңын желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері жақсы білетіндіктен, автопатрульмен бірге іздеуге шығады. Көмек сұраған азаматты тауып, жедел жәрдем шақыртып, дәрігер қарауынан кейін полицейлер оны үйіне апарып тастаған», - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ирина Беженарь.
Кейін Қостанай қаласының 37 жастағы тұрғыны Николай Симоновтан полицейлердің атына алғыс хат келіп түсті.
«Қостанай қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкері полиция аға сержанты М. Дощановқа және Қостанай қаласы ПБ қызметкерлері полиция аға лейтенанты Б. Шайжановқа, полиция сержанты М. Минуковқа шексіз алғысымды білдіремін.
Қатты тонып қалғаныма байланысты жолымды жалғастыра алмай, адасып кеттім. Полицейлер өз кезегінде мені табу үшін барлық мүмкіндерін пайдаланып, жедел түрде көмек көрсетті. Өміріме қауіпті және экстремалды жағдайда маған көмекке келгені үшін полиция қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді», - деді Н. Симонов.
Жалпы, жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментіне ондаған алғыс хаттар келіп түскен.