Әуежай мен тау шаңғысы курортына дейін жұмсалатын уақыт көлемі жағынан Шымбұлақтың әлемде теңдесі жоқ - Александр Гужавин

АЛМАТЫ. 11 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы өңіріндегі тау шаңғысы туризмі индустриясы алдағы 20 жылдың ішінде Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 10 пайызға жуығын береді. Оны «Chimbulak Development» ЖШС-нің бас директоры Александр Гужавин ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

 Әуежай мен тау шаңғысы курортына дейін жұмсалатын уақыт көлемі жағынан  Шымбұлақтың әлемде теңдесі жоқ - Александр Гужавин

«Алматы қаласы мен Алматы өңіріндегі тау шаңғысы курортына дейінгі ұшақпен 3 сағаттық ұшу белдеуінде 600 миллион адам тұрады екен. Ал 4 сағаттық ұшу аймағындағы тұрғындардың саны 1 миллиардтан асады. Қазіргі таңда бірде-бір та ушаңғысы курорты әуежаймен арадағы арақашықтық бойынша мақтана алмайды. Ал Алматы қаласының халықаралық әуежайынан Медеудегі базалық стансыға 30 минутта келуге болады. Бұл - үлкен көрсеткіш. Бұл -саяхатшылар мен өзге де демалушылар үшін үлкен қолжетімділік», - дейді Александр Гужавин. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, жағажай туризмінде әр адам күніне 50 доллар, ал тау шаңғысы туризмінде 250 доллар жұмсайды екен. Оны «Chimbulak Development» ЖШС Шымбұлақ таушаңғысы курорты жобасын жасағанда басты назарда ұстанған. Жалпы қазіргі таңда Шымбұлақ әлемде тау шаңғысы курорттары арасында әуежайға дейінгі ара қашықтығының қысқалығы, сырғанау маусымының орташа ұзақтығы, жылдық орташа қар көлемі жағынан 1-ші орында, трассасының ұзындығы мен ондағы орташа өткізу мүмкіндігі жағынан 11-сатыда тұр.

Алдағы 10 жылдың ішінде жүзеге асырылатын Шымбұлақ тау шаңғысы курорты ел экономикасын әртараптандырудағы маңызды жобалардың бірі саналып отыр. Жобаны жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде 600 миллион доллар жұмсалмақ. А.Гужавиннің айтуынша, мемлекет тарапынан берілетін бұл қаржы мастер-жоспарлар жасауға және бірқатар қажетті инфрақұрылымдар құруға бөлінбек. Ал оның есесіне консенсус арқылы жеке бизнес 2 миллиард доллар көлемінде инвестиция салмақ.