Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді – Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM – Бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдаланып, қолжетімді бағамен сапалы сервисті қамтамасыз етуге тиіс. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

«Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олардың ойлағаны қонақты баратын жеріне қауіпсіз жеткізу емес, барынша қомақты ақша алып қалу. Вокзалдар мен әуежайларда өркениетті көлік түрімен қамтамасыз ету туралы әкімдіктерге қанша рет тапсырылды, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Біз мұндай тәсілдерді өзгертпейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді», - деді Үкімет басшысы.
Бұл ретте, Премьер-Министр Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлері елімізде экологиялық, мәдени, зиярат ету және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндік беретіндігін айтты.
«Сондықтан мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылымды қамтамасыз етіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Өз кезегінде бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдаланып, қолжетімді бағамен сапалы сервисті қамтамасыз етуге тиіс. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты», - деді ол.
Олжас Бектеновтің пайымынша, шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады. Ол үшін Көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасауға тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар алыс шетелдердің де тәжірибесін зерттеп көру қажет.
«Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан шағын авиацияны дамыту өте өзекті болып табылады. Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса жетіп жатыр. Мұндай техникамен Өскеменнен Қатонға немесе Рахман қайнарына тезірек жетуге болады. Бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді», - деді Премьер-Министр.