Әуежайдан жарылғыш заттың муляжын алып өтпек болғаны үшін 15 тәулікке қамалды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұсақ бұзақылық жасаған азаматқа қатысты істі қарады.
— Ол Астана халықаралық әуежайында тексеруден өту кезінде өзімен бірге жарылғыш заттың муляжын сақтаған. Осылайша, ол қоғамдық тәртіпті, жеке тұлғалардың тыныштығын және әуежайдың техникалық процестерін қасақана бұзып, жолаушылар мен әуежай қызметкерлерінің эвакуациялануымен дабыл жарияланып, нәтижесінде рейстің кешігуіне әкеп соққан, — делінген хабарламада.
Сотта ол құқық бұзушылық фактісін мойындап, жасаған әрекетіне өкініп, алдағы уақытта мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеуге уәде берді.
Жасалған құқық бұзушылықтың мән-жайлары, өзіне қатысты іс қаралып жатқан адамның түсініктемелерінен басқа, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, муляжды тәркілеу актісімен, сондай-ақ инспектордың хаттамасымен расталды.
Сот қаулысымен айыпты ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Жаза қоғамға теріс әсер еткен және қоғамға құрметтемеушілік білдірген, белгіленген қоғамдық тәртіпке қол сұғатын және кінәлі адамның да, оның айналасындағылардың да өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып белгіленеді.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Ақтөбеде жаппай төбелеске қатысқан 10 айыпталушының ісі сотта қаралып жатыр.