Әуежайлар мен вокзалдардағы жарылғыш зат туралы 36 рет жалған хабарлама тіркелген
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көлік полицейлері жыл басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған 36 хабарлама тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Жыл басынан бері Көліктегі полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша 36 факті тіркелді. Тексеру барысында қылмыс жасағаны үшін 12 адам анықталып, ұсталды. Оның екеуі бас бостандығын шектеу түріндегі жазаға тартылды», - деді Көліктегі полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ерлан Әлімов.
Оның айтуынша, осы жылғы тамызда Астана-Анталья бағытындағы әуе рейсіне отырғызу кезінде елорданың 44 жастағы тұрғыны алкогольдік масаң күйінде «ұшақтың бортында бомба бар» деп, бірнеше рет айқайлаған. Соның салдарынан рейстің ұшуы кешіктіріліп, жолаушылар эвакуацияланды. Жүргізілген іс-шаралар барысында жарылғыш зат табылған жоқ. 30 қазанда Астана қаласы Есіл ауданының №2 аудандық сотының шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
«ҚР ҚК-нің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту, не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылықты көздейді. Бұған қоса, жалған террористер сот шешімі бойынша оқиға орнына жұмылдырылған жедел әрекет ету қызметтерінің барлық шығындарын толық көлемде өтейді», - деді Е. Әлімов.