Әуежайлардың жекешелендірілуі: Абай Тасболатов депутаттық сауалдың маңызын түсіндірді
"Мысалы, Шымкент, Тараз, Семей сияқты қалалардың әуежайларында әскери ұшақтар да бар. Ол әуежайларды жолаушылар тасымалы үшін ғана емес, әскери мақсаттарда да пайдаланады. Ондайды "бірлесіп пайдалану" дейді. Ал әуежайларды бәсекелестік ортаға, яғни жекеменшікке берсек, қалай болады Елдің қауіпсіздігі бар емес пе?", - деді А.Тасболатов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Оның айтуынша, Үкіметтің атына депутаттық сауал жолдаған азаматтар әуежайларды жалға беруге қарсы емес. Дегенмен, алдымен стратегиялық маңызы бар нысандарды пайдалану мәселесін ретке келтірген жөн. "Біз әуежайларды жалға беруге қарсы емеспіз. Бірақ әскери ұшақтар ұшып-қонып жүретін әуежайлардың да бар екенін ұмытпауымыз қажет. Міне, осындай нысандарды пайдаланудың нақты бір тәртібі болуы керек деп ойлаймыз. Әрине, бәсекелестік ортаға берген дұрыс. Алайда стратегиялық маңызы бар мәселелерді де ескерген жөн", - деп атап көрсетті А.Тасболатов.
Айта кетейік, өтке аптада Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында депутат Владислав Косарев генерал депутаттардың алаңдаушылығын жеткізді. «Біздің депутаттық сауалымыз Үкіметтің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1141 қаулысына қатысты. Онда әуежайларды бәсекелестік ортаға беру туралы айтылған. Біздіңше, аталған қаулы әуежайлардың әскери-стратегиялық мақсаттарына толығымен сәйкес келмейді. Осыны жан-жақты зерделеп, оңтайлы шешім табу қажет», - деген болатын В.Косарев.
Депутаттық сауалға Қазақстанның халық коммунистері партиясының мүшелері, сондай-ақ генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен генерал-лейтенант Абай Тасболатов қол қойған.
Фото: orenairport.ru