Әуезов театры Ресейдегі байқауда үздік деп танылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Дағыстан Республикасында өткен «Каспий жағалауы мемлекеттерінің ұлттық театрлары» арасындағы фестивальде бас жүлдені қанжығасына байлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Махачкала қаласында өткен фестивальде қазақ театры «Сүйікті менің ағатайым» спектаклін ұсынды.
Мəдениет жəне спорт министрлігінен хабарлағандай, Ресейдегі театр жылын өткізу аясында жүзеге асырылған шараны Дағыстанның Театр қайраткерлері одағы ұйымдастырған. Фестиваль бұл өңірде алғаш рет өтті. Оған 18 ұлттық театр қатысты.
«Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Татарстан, Солтүстік Осетия, Қабарды-Балқар, Қарашай-Черкес, Ингушетия, Қалмақия, Шешенстан, Дағыстан ұжымдары бар. Қазылар алқасы қатысушылардың барлығына алғысын білдіріп, жақсы не жаман деген баға бермеді. Тек, Ноғай мемлекеттік драма театрының «Лавина» қойылымы мен М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акдемиялық драма театрының «Сүйікті менің ағатайым» («Дядя Ваня») спектаклі туралы оң пікірлерін жеткізді», - делінген хабарламада.
Фестиваль нәтижесінде «Үлкен форматтағы үздік спектакль» аталымында бас жүлдеге «Сүйікті менің ағатайым» спектаклі лайықты деп танылса, «Үздік әйел адам бейнесі» - Жанель Мақажан және «Үздік сценаграфия» аталымы бойынша - Тамара Окахян жеңімпаз атанды.