«Әуезов Жапон жерінде не айтты?» - республикалық басылымдарға шолу
***
Жалпы, бұл күні жарық көрген барлық басылымдар Конституция күні мерекесіне айрықша орын берген. Мәселен, ел газеті «Егемен Қазақстан» бүгінгі нөмірінің басым бөлігін Конституция күніне, Ата заңды қабылдауға байланысты тұщымды мағлұматтар беретін көптеген қызықты материалдарға арнаған. Атап айтсақ, соның бірінде: «Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол берілмейді»,- деп жазған «Егемен Қазақстан» «Мемлекет - бұл біз, Қазақстан халқы» деген тақырыптағы мақалада Конституцияның қабылдануы Қазақстан мемлекеттігін заңды түрде ресімделгенін айғақтап, елдегі тың өзгерістерге жол ашқанын айтады.
Аталмыш газеттен сондай-ақ Әбдімәлік Нысанбаев, Бәйкен Әшімов, Камал Бұрханов сынды белгілі азаматтардың Елбасы, Қазақстан мемлекеттілігі және елорда турасындағы ой-толғамдарын да оқуға болады.
«Әуезов Жапон жерінде не айтты?» Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала ұлы жазушының 1957 жылы Жапонияға сапарында сөйлеген сөзіне қатысты алғашқы нақты дерек жайында әңгімелейді.
***
«Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Астана барған сайын асқақтай береді» деген тақырыппен берілген мақалада елордамызда әлемдегі ең биік 14 ғимараттың бірі бой көтеретіні айтылған.
Ата заңымыздың төл мерекесіне байланысты аталмыш басылым «Бұл Конституция - халықтың өзі қабылдап, өзі жүзеге асырған Ата заңы» деген тақырыппен заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Ғайрат Сапарғалиевпен болған сұхбатын жариялады.
Сондай - ақ осы басылымдағы «Жарты ғасыр дүмпіген полигон жарты - ақ күнде жабылған еді» тақырыбындағы мақаладан еліміз тарихындағы бүгінгі күннің елеулі оқиғаларынан хабардар бола аласыздар.
***
«Астана ақшымы» газетінің бүгінгі санындағы «Үлескерлер үміті алданған жоқ» деген тақырыптағы мақала кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Европейский» тұрғын үй кешеніне арнайы барып, бірнеше үлескерге пәтер кілтін өз қолымен тапсырғанын жазды.
Аталмыш басылымдағы «Ұлы даланың ұлық демократиясы» тақырыбымен берілген келесі мақала қазақ даласындағы байырғы құқықтық құрылымдары туралы баяндайды.
***
Конституция тақырыбы «Казахстанкая правда», «Экспресс К», «Литер» секілді орыс тілді республикалық басылымдарда да кеңінен көрініс тапқан.
Атап айтқанда, «Экспресс К» Астанада Конституция күніне арналған дәстүрлі тамыз оқулары өткенін жазады. Бұл шараға Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілетті уәкіл, Конституциялық кеңес және Бас прокуратура мұрындық болған.
Ал «Казахстанкая правда» газетіКонституция күні қарсаңында Елбасы Астанадағы жаңа тұрғын үй кешенінің тұрғындарына пәтер кілттерін тапсырғанын, сонымен қатар елорданың ең биік ғимараттарының бірі болатын «Әбу Даби Плаза» кешенінің құрылысына капсула қою рәсіміне қатысқанын жазады.
«Литер» газеті болса, Конституция күні мерекесіне көңіл бөле отырып, спорт тақырыбын да ұмытпаған. Басылым Қазақстанның бокс құрамасы Әлем чемпионаты өтетін Миланға барғанын хабарлайды.
«Қыркүйектің бірінші күні Миланда бокстан әлем чемпионаты басталады, ал Қазақстанның бокс құрамасы әлемдегі күшті командалардың қатарынан», деп жазған газет Италияға біздің жігіттер жаңартылған құраммен аттанғанын айтады.