Ауған соғысының ардагері Қонаев қаласының «Құрметті азаматы» атанды

Ауған соғысының ардагері
Фото: Қонаев қаласының әкімдігі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Қонаевта Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты іс-шаралар өтті. 

Қонаев әкімдігінің мәліметінше, ардагерлер Жеңіс паркіндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Қан майданда соғысып, қаза тапқан интернационалист жауынгерлер 1 минут үнсіздікпен еске алынды. Осыдан соң Мәдениет үйінде шараға Ауған соғысының ардагерлері, әскерилер, ақсақалдар мен қала әкімінің орынбасары Сәуле Нұрсолтанова қатысты.

«9 жыл 10 айға созылған Ауған соғысы туралы деректерге сәйкес, Кеңес одағынан соғысқа 600 мыңнан астам адам қатысқан. Осыдан 35 жыл бұрын Ауған соғысынан 21371 қазақстандық ардагер аман есен өз отанына оралған, олардың қатарында Қонаевтың бүгінде көзі тірі 91 ардагері бар. Бүгінгі ұйымдастырылған шара болашақ ұрпақ үшін тәлім-тәрбие, жауынгерлік борыштың мәнін қадірлеуге бағытталған. Сіздердің көрсеткен ерліктеріңіз - жастарға үлгі. Сіздер бейбіт өмірге араласып, отбасын құрып, саналы ұрпақ өсіріп, халық көшін алға жылжытуға, еліміздің дамуына үлес қостыңыздар», - деді өз сөзінде қала әкімінің орынбасары.

Ауған соғысының ардагерлері
Фото: Қонаев қаласының әкімдігі

Салтанатты кештің барысында Ауған соғысының ардагері Марат Калгуловқа Қонаев қаласының «Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ ардагерлерге 35 жылдық мерекелік медаль, Қонаев қаласы әкімінің Алғыс хаты, Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің марапаттары табыс етілді.

Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласты. Онда түрлі патриоттық әндер шырқалып, ардагерлерге құрмет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар