Ауған соғысы ардагерлері шекарада болған оқиғаларға байланысты үндеу жасады

Ауған соғысы ардагерлері ҚР Қарулы күштерінің кадрлық және тәрбие беру жұмысын барынша жетілдіру қажет деп санайды. Осыған орай олар ел Үкіметіне бірқатар ұсыныстар жасап отыр. «Ең бірінші, шекара бөлімшелері бастықтарының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларын аттестаттаудан өткізу қажет. Екіншіден, қорғаныс істері жөніндегі барлық департаменттердің қызметін зерделеп, шекара қызметіне шақырылатын жастарды іріктеу жұмысын сапалы деңгейге көтеру керек. Үшіншіден, облыстық және қалалық ішкі саясат басқармалары әскери-патриоттық клубтарды құру жұмысын қолға алуы тиіс. Төртіншіден, Қазақстанның барлық шекара бекеттерінде тұрақты қоғамдық бақылау болуы шарт. Бесіншіден, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің директоры үнемі есеп беріп отыруы міндет», - делінген Ауған соғысы ардагерлерінің үндеуінде.