12:34, 13 Тамыз 2021 | GMT +5
Ауған соғысына, Чернобыль апатын жоюға қатысқандар мерекелерде 102 мың теңге алады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауған соғысы мен Чернобыль атом электр стансасындағы апатты жоюға қатысқандарға әлеуметтік көмек көлемі ұлғайтылмақ. Бұл жайында Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Бақтияр Гарифуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауғанстан аумағындағы соғыс іс-қимылдары ардагерлері мен Чернобыль атом электр стансасындағы апат салдарын жоюға қатысқан тұлғаларға әлеуметтік қолдау іс-шараларын арттыру мақсатында атаулы күндер мен мерекелік даталарда оларға берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін 35 айлық есептік көрсеткішке (1 АЕК - 2917 теңге) дейін ұлғайту ұсынылады. Бүгінде олар 9 АЕК алады», - деді ол қалалық қоғамдық кеңес отырысында.
Оның атап өтуінше, аталған әлеуметтік көмек жаңа мөлшерде жүзеге асырылған жағдайда қалалық бюджеттен 181 млн теңге қажет болады.
«Бұл мақсатты келесі жылдан бастап жүзеге асыру көзделіп отыр», - деді Бақтияр Гарифуллин.