Ауған соғысында қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етіліп, құран бағышталды
АСТАНА. 25 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталінің қызметкерлері мен
Ауған соғысы ардагерлерінің үйлестіру кеңесі төрағалары соғыста қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етіп, сүйегі шетелде қалғандарға бағыштап құран оқыды. Сонымен қатар госпиталь қабырғасында ауған шеберлерінің шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлады емдеу мекемесінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан дәл 33 жыл бұрын КСРО-ның 40-шы армиясы Әмудария өзенінен понтон көпір арқылы өтіп, Ауғанстан жеріне кірді. Ауғанстанға армияны енгізу туралы шешім 1979 жылдың 12 желтоқсанында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында қабылданып, аса құпия қаулымен бекітілген.
Осыдан 33 жыл бұрын аяқталған соғыстың салған жарасы талай жүректе әлі де бар. 10 жылға созылған соғысқа елімізден 22 мыңнан аса сарбаз қатысты. 924 боздақ жат жерде мерт болды. 20 қазақстандық із-түссіз кетті. Мыңдаған жауынгер мүгедек болып қалды.