Ауған соғысында мерт болған сарбаздардың аналарына құрмет көрсетілді
АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Кеше, Қазақстанның Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының IV съезін бастамас бұрын оған қатысушы азаматтар тік тұрып, осы соғыста қаза болған сарбаздардың аналарына құрмет көрсетті.
Астанада осындай 12 отбасы бар екен. Олардың бірі - Ким жанұясы. Ауған соғысында жалғыз баласынан айырылған Надежда Ким тағы үш анамен бірге съезд жұмысына қатысты. Қазақстан Республикасы Ардагерлер ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы, Халық Қаһарманы, Парламент депутаты Бақытжан Ертаев оларға жылы лебіздерін жеткізіп, гүл мен арнайы сый-сыяпаттарын табыс етті. «Біз - «Ана!» дегенде тік тұрып, бас иетін халықпыз, ананың ақ сүті үшін мәңгілік қарыздар екенімізді жақсы түсінетін елміз. Міне, біздің алдымызда аналар тұр. Әттең, біз олардың жан жарасын жаза алмаймыз. Біз олардың алдында бас иіп, мәңгілік құрмет көрсетуге міндеттіміз», - дейді Б.Ертаев.