Ауған соғысының ардагерлері арасында халықаралық жарыс ұйымдастырылады

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Тұңғыш рет Алматы облысы әкімінің тікелей қолдауымен ауған соғысының ардагерлері арасында халықаралық жарыс ұйымдастырылады. Бүгін бұл жөнінде өңір басшысының интернационалист-жауынгерлермен кездесуі барысында мәлім болды деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауған соғысының ардагерлері арасында халықаралық жарыс ұйымдастырылады

Қазіргі уақытта ауған соғысының ардагерлері ерлікпен қаза тапқан қатарластарын өскелең ұрпаққа үлгі ету, насихаттау мақсатында түрлі спорттық шаралар ұйымдастырып келеді. Облыс әкіміне алдағы уақытта осындай жарыстардың өтуіне қолдау білдіруін сұрады. Ұсынысты бірден қабылдаған өңір басшысы Амандық Баталов футбол және волейболдан халықаралық жарыс ұйымдастыру жөнінде тиісті мамандарға тапсырма берді.

«Бүгінде ардагерлердің бірі жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәлім-тәрбие берсе, енді бірі өнеркәсіп, өндірісте, шағын және орта бизнес саласында облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Осы орайда, Сіздерге болашақ ұрпақ, жастарды Отанды сүю, елжандылыққа тәрбиелеу ісіндегі азаматтық қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылық білдіремін», - деді А. Баталов өз сөзінде.
null 

Сондай-ақ,  облыстық Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының үйлестіру кеңесінің төрағасы Ержан Данабеков сөз алып, бірқатар мәселелерге тоқталды. Атап айтқанда, медициналық ұйымдарда «Ауған соғысы ардагерлері кезексіз қабылданады» деген тақтайша ілініп, кезексіз қабылдау, санаторлық-курорттық жолдамалар алудағы ауғандықтардың үлес-салмағын арттыру, ардагерлер мен олардың жесірлерін тұрғын үймен қамту мәселелерін көтерді. Мәселен, осы кездесуге қатысқан ауған соғысы ардагерінің жесірі, екінші топтағы мүдегек Маржан Базарованың Дәрігерлік-еңбектік сарапшылық комисиядан өтудегі кедергілері, әлі күнге тұрғын үйге қол жеткізе алмай жүргені айтылды. Облыс әкімі А. Баталов тиісті мекеме басшыларына мәселелерді қарастыру туралы тапсырма берді. Сондай-ақ Е. Данабеков әке-шешесінен бірдей айырылған, облыс әкімінің грантымен жоғары оқу орнында оқып жатқан Толғанай Сүлейменованың стипендия алмайтыны да қиындық туғызып отырғанын жеткізді. Бұл мәселені шешуді облыс әкімі қала басшысы Б. Қарасаевқа тапсырды.

Сөз алған ауған соғысына қатысушылар жеке кәсіпкерлікке қолдау көрсету, қоғамдық көлікте тегін жүру, табиғи газ қостыруда жеңілдіктер қарастыру мәселелерді қамтыды.

Барлық ұсыныстарды мұқият тыңдаған облыс әкімі әрбір сауалға тыңғылықты жауап беріп, денсаулық сақтау, спорт, жолаушылар көлігі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жұмыспен қамту, білім салаларының басшыларына аталған мәселелерді шешу тетіктерін қарастыру, іс-шаралар жоспарына енгізу, нақты шаралар қабылдауды тапсырды.