Ауған соғысының ардагерлері Қазақстанның 17 қаласы бойынша автожорық ұйымдастырды

АНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанада Ауған соғысында қаза болған интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіштің жанынан Ауғанстан аумағынан кеңес әскерінің шығарылғанына 20 жыл толуына арналған автожорық сапарға аттанды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қаласындағы «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» ҚБ-ның төрағасы Қайрат Елубаевтың айтуынша, қыркүйектің 2-сінде басталған автожорық осы айдың 25-іне дейін жалғасып, ол Қазақстанның 17 қаласын басып өтетін болады. Акцияның нәтижесі Астанадағы «Отан Ана» монументі алаңында қорытындыланады деп жоспарлануда.

 «Біз Қазақстанның гүлденуі мен халқының бірігуі үшін» атты ұранмен автожорыққа барлығы 15 адам аттанды. Ауған соғысы ардагерлерінен құралған шұғыл топтың арасында Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенттері мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері де бар. Сапар барысында олардың саны аймақтарда тұратын Ауған соғысы ардагерлерімен толыға түседі деп күтілуде. Жиырма күннен астам уақыт бойы шұғыл топ әскери жарғыларды қатаң сақтай отырып, далалық жағдайда және палаткаларда өмір сүретін болады.

 Шұғыл топ тоқтаған жерлерінде дөңгелек үстелдер, спорттық іс-шаралар, концерттер, сондай-ақ «Біз өз борышымызды орындадық» тақырыбында фото және кітап көрмелерін ұйымдастырып, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын ел арасында насихаттайтын болады.

 ҚР Мәдениет және ақпарат  министрлігінің жауапты хатшысы Жанна Құрманғалиеваның атап көрсеткеніндей, аталмыш жоба үстіміздегі жылы мемлекеттік- әлеуметтік тапсырыс аясында министрлік тарапынан қолдау тапқан 198 жобаның бірі болып табылады. «Бірақ оның маңызы аса жоғары. Өйткені бұл жоба Қазақстанның жаңа буыны - жастардың бойындағы патриоттық сезімдерді арттыруға бағытталған», - деді ол.

Сондай-ақ акция «Нұр Отан» ХДП, Астана қаласының әкімдігі, интернационалист-жауынгерлердің республикалық және аймақтық бірлестіктерінің қолдауына ие болды.

Айта кетерлігі, бүнгі күні Қазақстанда Ауған соғысына қатысқан 18 мыңнан астам интернационалист-жауынгер өмір сүреді. Оның 1 мыңнан астамы елордада тұрады.

Соңғы жаңалықтар