Ауған соғысының ардагерлері Н. Назарбаевтың кандидатурасын толығымен қолдайды - Халық қаһарманы Б.Ертаев

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздегі Ауған соғысының ардагерлері алдағы сайлауда президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын толығымен қолдайды.

Ауған соғысының ардагерлері Н. Назарбаевтың кандидатурасын толығымен қолдайды - Халық қаһарманы Б.Ертаев

Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында «Ауғанстан ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев мәлім етті.

«Бүгінде Қазақстандағы ауған ардагерлерінің 17 мыңдық армиясы еліміздегі патриоттық қозғалысының негізгі күші болып табылады. Олар қоғам өміріне белсене араласып келеді. Әрине, бұның бәрі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы арқасында жүзеге асып отыр. Біз бейбітшіліктің бағасын білеміз, әрі намыс және Отан сөздерінің қадірін жете түсінеміз. Қазақстан халқы Тәуелсіздік алған 20 жылдың ішінде бейбіт өмір сүріп келеді. Сөз жоқ, оған Елбасының қосқан үлесі зор. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшіліктің жаршысы екендігіне ешкімнің күмәні жоқ. Ол сонау қиын заманда өз халқын бейбіт жолмен жүргізе білді. Сол себепті елдің оған деген құрметі шексіз. Осыған орай мен еліміздегі барлық ауған ардагерлерінің президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын толығымен қолдайтындығын мәлім етемін», - деді өз сөзінде Б.Ертаев.