Ауған соғысының ардагерлері Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған клиникалық госпитальдің жабылуына наразылық білдіруде
АЛМАТЫ. 10 қараша. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгін Алматыда ауған соғысының ардагерлері Ұлы Отан соғысы мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің жабылуына наразылық білдіріп, баспасөз мәслихатын өткізді.
Аталған емдеу орнында ҰОС мен Ауған соғысы мүгедектері, Чернобыль апаты және Семей полигонынан зардап шеккендер ем қабылдап келген.
"Ауған соғысы мүгедектері" ерікті қоғамының төрағасы Алтынбек Таныбаевтың айтуынша, 11 гектар аумақты алып жатқан бұл емдеу орталығы 2010 жылдың 31 тамызынан бастап өз жұмысын тоқтатқан және ондағы емдеу аппараттары қоймаларға өткізілген.
"Денсаулық сақтау министрлігінен келген хатшы бұл ғимаратта жер сілкінісінен жарықша пайда болғандығын айтып, оның орнына соңғы үлгідегі жаңа емдеу орталығын салып береміз деп уәде еткен болатын. Алайда одан бері ол жерде еш құрылыс салынып жатқан жоқ", - дейді А. Таныбаев.
Ардагерлер бұрыннан емделіп келген емдеу орталығының өздеріне қайтарылуын талап етуде. Сондай-ақ олар әдемі табиғат аясында орналасқан емдеу орталығының жері саудаланып кете ме деген күдіктерін де жасырмады.