Ауған соғысының қатысушысы, мәжілісмен Б.Смағұлдың кітабы бойынша түсірілген фильм көрермендерге жол тартты

Ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлдың «Мен көрген соғыс» кітабының желісінде түсірілген фильмнің таныстырылымы өтті.
Кинокартинада Ауған соғысының алып келген қасіреттері баяндалады. 1980 жылдары Ауған даласына барған азаматтың араға жылдар салып, нақты айтқанда, 2011 жылы майдан алаңына қайта барып, қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етуі көрініс тапқан. От пен өрттің, жалындаған соғыстың арасында жазылған Б. Смағұлдың өлеңі оқылады.
Осы фильмнің режиссері Тілеген Ахмет Мәдениет министрлігіне, фильмнің экранға шығуына тікелей қолдау жасаған, ақыл-кеңесін берген «Қазақфильм» киностудиясының президенті, жазушы Ермек Аманшаев мырзаға, отандық киностудияның бас редакторы Дидар Амантайға және Ауғанстандағы Қазақстан Елшілігіндегі азаматтарға фильмді түсіру тобының атынан алғысын жеткізді.
Көрсетілім соңында Халық Қаһарманы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев тебіреніп сөз сөйледі. Ол бұл туындының патриоттық тәрбиесі мол екендігін баса айтты. «Соғыста әділеттілік болмайды. Ауған соғысының ашылмаған қыр-сыры көп. Ендігі жерде соғыс болмасын, мұндай қасіретті кейінгі ұрпақ көрмесін. Тәуелсіз мемлекетіміздің аспаны ашық, келешегі нұрлы болсын!»- деді Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев.