Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоғы қойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылуына 35 жыл толды.

Ауған жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоғы қойылды

Атаулы күнге орай Астана қаласындағы Ауғанстанда қаза тапқан жауынгер-интернационалисттерге арналған республикалық мемориалға гүл қойылды. Шара «Өлмейтін рота» акциясы аясында өткізілді, деп жазады astana.gov.kz.

Ескерткішке гүл қою рәсіміне Ауған соғысының ардагерлері, қалалық мәслихат, Үкімет пен Парламент, орталық мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері қатысты. Қаза тапқан жауынгерлерге құрмет көрсету үшін жүздеген тұрғын жиналды.

Тоғыз жылдан астам уақытқа созылған соғысқа 600 000 жуық КСРО азаматы қатысты, соның ішінде 22 000 қазақстандықтар.

Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының төрағасы Серік Кенжебеков өз сөзінде әрбір ресми бекітілген атаулы күн өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді тәрбиелеу үшін аса маңызды екенін атап өтті. Жауынгер-интернационалисттердің батыл әрекеттері еліміздің әрбір тұрғынының жүрегінде мәңгі сақталуы керек.

Аталған ұйымның басты мақсаты - жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің мәселелеріне назар аударту, Президент пен Үкіметтің әлеуметтік саладағы саясатын насихаттау, еліміздің халқын біріктіру. Ауған соғысына қатысушылардың өздері - барлық ұлттардың ынтымақтастығына нағыз үлгі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, одақта осы мүмкіндіктердің барлығы бар және оған мемлекеттік қолдау мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында қол жеткізіп отырмыз.

Айта кетейік, қазіргі кезде Астанада 1500 астам Ауған соғысының ардагері тұрып жатыр.