Ауғанстан билігі қателесіп «Талибанның» 12 белді мүшесін түрмеден босатып жіберген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан билігі қателесіп «Талибан» қозғалысының 12 белді мүшесін түрмеден босатып жіберген. Бұл туралы Кандагар оңтүстік провинциясы бойынша ІІМ басқармасының ресми өкілі Зиаул Рахман Дуррани мәлім етті.
«Ауған барлау қызметінен Кандагар провинциясының орталық түрмесіне 30 сотталушыны босату туралы хат келіп түсті, - деп мәлімдеді ол. - Олардың ішіндегі 18-і шынымен кінәсіздер. Ал 12 қауіпті экстремистің аты белгісіз жағдайда негізгі тізімге қосылып кеткен». Полицияның мәліметінше, олардың екеуі ұсталып, түрмеге қайта қамалды. «Қалған он содырдың ізіне түстік», - деп қосты ол. Мұндай қателікке қалай жол берілгенін Дуррани түсіндіре алмады. Арнайы құрылған комиссия қазір бұл құпияның сырын ашуға бар күшін салуда. Көп ұзамай тергеу нәтижелері Ауғанстан билігініе беріледі, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.