Ауғанстан білім министрлігі ЖОО-ларға қыздарды қабылдау емтихандарына жіберуге тыйым салды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауғанстан жоғары білім беру министрлігінің ресми өкілі Зиаулла Хашми елде билік құрған «Талибан қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) әйелдердің білім алуына қатысты тыйымды күшейтіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Associated Press басылымына сілтеме жасап.
None

Елдің жоғары білім беру министрлігі барлық мемлекеттік және жеке университеттерге 2023 жылғы қабылдау емтихандарына қыздарды тіркемеуді бұйырды.

«Жоғары білім беру министрлігі барлық жеке университеттер мен оқу орындарына қабылдау емтихандарына қыздарды қатыстыруға тыйым салды», - делінген министрліктің хабарламасында.

Бұған дейін «Талибан қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған – ред.) ауған әйелдеріне енді университетте оқуға тыйым салынатынын мәлімдеген болатын. Ауғанстандағы әйелдерді кезең-кезеңімен білім алу мүмкіндігінен айырып жатыр. 2021 жылы тәліптер қыздардың орта мектепке баруына тыйым салды. 2022 жылдың наурызында шетелдер үкіметтері тәліптердің бұл шешімін сынға алған соң, олар қыздарға арналған мектептер жақында ашылатынын мәлімдеді, бірақ ашылмаған күйі қалды.

Ауғанстанның 24 провинциясында 140 жеке университет бар, онда 200 000-ға жуық студент оқиды. Олардың шамамен 60-70 мыңы – әйелдер. Жалпы, университеттерде 25 000-ға жуық адам жұмыс істейді.

Фото: apnews.com


Соңғы жаңалықтар