Ауғанстан өрт сөндірушілері Көкшетауда білім алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты «ҚР Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасы арасындағы азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайларды алдын алу және олардың салдарын жою саласындағы ынтымақтастық туралы» келісімді ратификациялау туралы заң жобасын қабылдады.

Ауғанстан өрт сөндірушілері Көкшетауда білім алады

«Келісімге Ауғанстан Ислам Республикасы президентінің Қазақстан Республикасына ресми сапары барысында Астана қаласында 2015 жылдың 20 қарашасында қол қойылды. Аталған келісімнің күшіне енуі төтенше жағдайларды мониторингілеу және болжау жасау саласында тәжірибелермен алмасу, қауіп туындаған жағдайда тұрғындарды дайындауға, екі мемлекеттің оқу орындарында азаматтық қорғау саласындағы мамандарды оқыту, тұрақты негізде бірлескен конференцияларды, семинарларды, дайындықтарды өткізу, тараптың аумағында туындаған төтенше жағдайларды жою кезінде қысқа мерзімде көмек көрсету мүмкіндік береді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымов Сенатта заң жобасын таныстыру кезінде.

Министрдің сөзі бойынша, заң жобасы еліміз үшін теріс салдарларға әкеп соқтырмайды. Сонымен қатар оны қабылдау тараптардың аумағындағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын азайтуға ықпал етеді. 

Депутаттардың сауалына жауап беру барысында министр, келісім бойынша, Ауғанстан мамандарын Көкшетау техникалық институтында өрт қауіпсіздігі факультетінде оқыту жоспарланып отырғандығын атап өтті. Олардың оқу ақысы Ауғанстанға халықаралық ұйымдар беріп отырған мақсатты гранттар есебінен өтеледі.