Ауғанстан Орталық Азияның экономикалық жобаларына қосыла ма

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық Азия елдерінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілдерінің Өңірлік байланыс тобының екінші отырысы өтті. Отырыс барысында Қазақстан Ауғанстан бағытындағы өңірлік өзара іс-қимылды нығайтуды қолдады.

Қазақстан Ауғанстанды өңірлік экономикалық үдерістерге тартуды ұсынды
Фото: ҚР СІМ

Іс-шараға Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Ержан Қыстафин қатысты.

Отырыс барысында қазақстандық тарап Ауғанстанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және орнықты дамуға жәрдемдесу мақсатында Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін одан әрі біріктірудің маңыздылығын атап өтті.

— Ауғанстанмен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда өзара тиімді экономикалық байланыстарды дамыту, көлік қатынасын нығайту және Ауғанстанды өңірлік экономикалық процестерге тартуға ықпал ететін бірлескен өңірлік жобаларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді, — делінген ведомство хабарламасында.

Қазақстан Ауғанстанды өңірлік экономикалық үдерістерге тартуды ұсынды
Фото: ҚР СІМ

Іс-шара барысында өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері де талқыланды.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Орталық Азияның орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында көпжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілділігін растады.

Бұған дейін Қазақстан дәрі-дәрмегі Ауғанстан нарығына шығуы мүмкін екенін жазғанбыз.