Ауғанстан президенті Х.Карзай тәлібтердің қаза болған көшбасшысын «бейбітшілік құрбаны» деп атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан Ислам мемлекетінің президенті Хамид Карзай сейсенбі күні «Талибан» қозғалысы командирлерінің бірі молла Абдула Ракибтің өлтірілуін айыптады, деп хабарлады «Толоньюс» ауған агенттігінен.
Ауған басшысы тәліб өкілінің өлімін «бейбітшілік құрбаны» деп атады. Молла Абдула Ракиб «Талибан» қозғалысы мен ресми Кабул арасындағы келіссөздер жақтасы саналды. «Техрик-Ислами Талибан» көшбасшыларының бірі қаза болса да, Хамид Карзай тәлібтерді Ауғанстанға оралып, бейбіт келіссөздер жүргізуге шақыруда.
Молла Абдула Ракибті белгісіз біреулер Пәкістанның Пешавар қаласында дүйсенбі күні атып кеткен. Келесі күні оның мәйіті - туған қаласы Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Тахар провинциясына жеткізілді.
Ауған басылымдары, тәлібтер командирлерінің Пәкістанда оққа ұшып отырған бірінші жағдай еместігін жазды. Соңғы жылдары АҚШ-тың әскери күштері Пәкістанда «Талибан» әрекеттеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасауда.
Өз кезегінде, ауған президенті Х.Карзай тәлібтерге жасалған шабуылдардың қиындық тудырып отырғанын және «АҚШ-тың осындай қарсылығы тәлібтерді бейбіт келіссөздерге келуіне кедергі келтіріп отырғанын» айтқан.
«Бейбіт келіссөздер жүргізгісі келгендер болды, бірақ олардың көбі өлтірілді», - деді Х.Карзайдың баспасөз хатшысының орынбасары Файек Вахиди.