Ауғанстан тарабынан босқындар легінің артуы күтілмейді - ҚР СІМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан тарабынан Қазақстанға қарай босқындар легінің артуы күтіліп отырған жоқ. Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің айрықша тапсырмалар жөніндегі өкілі Тимур Оразаев мәлім етті.
«Ауғанстаннан босқындардың көші-қоны әр уақытта да болған. Сонау 90-шы жылдары да, 2000-шы жылдары да және болашақта да босқындар бола береді. Жалпы, көші-қон - бұл тұрақты құбылыс. Тұрақсыздық аймағынан бас сауғалауға тырысатын босқындарға қатысты айтар болсам, Ауғнастанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету проблемалары барынша шешілу үстінде. Дегенмен, әлі күнге дейін толығымен жетілдірілген жоқ. Сондықтан да босқындар легін күтуге тура келеді», - деді ол.
Т.Оразаевтың сөзіне қарағанда, осы жылдар ішінде Қазақстанға бас сауғалап келген босқындардың саны көп бола қойған жоқ. Өйткені, елімізде шекаралық және кедендік режім жұмыс істейді. Ал, босқындардың басым бөлігі Ауғанстанмен шекаралас Пәкістан мен Иран елдерін паналайды. Сонымен қатар Үндістан, Тәжікстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерге қоныс аударатын ауғандықтар да бар.
«Бұл тұрғыдан алып қарағанда, Қазақстанда жағдай жақсы. 2014 жылдан кейін елімізге келетін босқындар легі айтарлықтай көбейеді деп ойламаймын», - деді айрықша тапсырмалар жөніндегі өкіл.