Ауғанстан төңірегінде не болатынын болжау қиын – Тимур Дәндібаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев Ауғанстандағы әскери-саяси ахуал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметінде вице-министр Тимур Дәндібаевтан БАҚ өкілдері Ауғанстандағы жағдайдың қалай өрбуі мүмкін екенін сұрады.

«Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси ахуал айтарлықтай күрделі. Дәл қазір қандай да бір болжам жасау қиын. ҚР Қорғаныс министрлігі Ауғанстан төңірегіндегі ахуал туралы ақпараттарды үнемі өзектілендіріп отыр. Оның ішінде шетелдік әріптестермен, өңірлік ұйымдармен өзара әрекеттерді жіті пысықтап отыр. Сондықтан, аталған бағытта әзірге нақты мәлімет айта алмаймыз. Жағдайды қадағалап, тиісті шешім қабылдап жатырмыз және күту режимінде тұрмыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.

Бұған дейін ол Қазақстан әскерилері Ауғанстан шекарасына қандай жағдайда жіберілетінін айтқан болатын.

«Халықаралық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етіп, қолдау үшін қандай да бір контингентті жіберу үшін бізге бірнеше шарт керек. Ол шарттың бірі – екі тараптың бірі Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына көмек сұрап жүгінуі тиіс. Екіншіден, Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі деңгейінде шешім шығуы қажет. Әрине, ол шешімді біздің елдің Парламенті ратификациялап, халықаралық миссия атқаратын контингенттің жіберілуіне рұқсат беру керек. Осы шарттардың бәрі орындалған жағдайда біз сәйкесінше өзіміздің халықаралық міндеттерімізді орындауға дайынбыз», - деді Тимур Дәндібаев.


Соңғы жаңалықтар
telegram