Ауғанстан вице-президенті Пәкістан барлау қызметін тәліптерге қолдау көрсетті деп айыптауда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанның вице-президенті Абдул Рашид Дустум Пәкістанның Ведомствоаралық барлау қызметін өз елі аумағындағы әскери іс-қимылдардың ұйымдастырылуына қатысы бар деп айыптауда.
«Тәліптермен арадағы соғыс тек солтүстікте ғана емес, бүкіл елде жүргізілуде. Кез келген адам біздің жауымыздың тасасында кім тұрғанын жақсы біледі», - дейді ол. Сонымен қатар А.Дустум ел содырлардан толық азат етілмейінше Кабулға оралмайтындығын ашық айтуда. Ол Альмар, Кайсар және Гхормах аудандарында тәліптерге қарсы кең ауқымды операция жүргізуді жоспарлауда.
«Фарьяб өлкесі азат етілгеннен кейін мен Кабулда Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне өз баяндамамды ұсынатын боламын. Менің келесі жоспарым, егер, Қауіпсіздік кеңесі мен ел президенті мақұлдайтын болса, онда Кундуз болмақ. Біз Кундузды тәліптерден азат еткеннен кейін одан ары Бадахшанға қарай бағыт алатын боламыз», - деді ол.
Мұнан бөлек ол Пәкістанның сыртқы барлау қызметіне күдікпен қарайтындығын ашық айтты. «Біздің жауларымыз бір күні «Әл-Каида», ал келесі күні «Ислам мемлекеті» туы астында соғысуда. Бірақ, мұның ту сыртында содырларға қаржылай қолдау көрсетіп отырған Пәкістанның Ведомстволаралық барлау қызметінің генералдары тұр», - дейді Ауғанстанның вице-президенті.