Ауғанстанда 500-ге жуық содыр күзет бекетіне шабуыл жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанның орталық бөлігіндегі Гор провинциясында күзет бекетіне 500-ге жуық содыр шабуыл жасады. Қақтығыс барысында 15 содырдың көзі жойылып, 20-сы жарақат алды, деп хабарлады жергілікті билікке сілтеме жасап Пажвак агенттігі.
Оқиға бейсенбі кешке Пасабанд ауданында орын алды. Агенттікке жергілікті полиция басшысы Абдулла Хан хабарлағандай, содырлармен атыс әлі жалғасуда.
Полиция өкілі қақтығыс салдарынан құқық қорғау органдарының екі қызметкері қайтыс болғанын, тағы үшеуі жараланғанын мәлімдеді. Ол ауданға кіретін басты жолды «Талибан» радикалдық қозғалыс содырлары жауып тастағанын, жабдықтау ауадан жүзеге асырылып жатқанын қосты. Қақтығыс туралы мәліметті провинция губернаторының өкілі Абдул Хай Хатиби растады, деп хабарлады РИА Новости .
Соңғы айларда Ауғанстандағы жағдай нашарлап кетті. Елдің елеулі бөлігін иеленген «Талибан» радикалдық тобы ірі қалаларды шабуылдай бастады. Ел аумағында бірқатар жерлерде тыйым салынған «Ислам мемлекетінің» ықпалы артуда.