Ауғанстанда 52 әйел мен бір қыз киім талаптарын бұзды деген күдікпен ұсталған

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы шілде-қыркүйек аралығында Ауғанстанда кемінде 52 әйел мен бір қыз киім үлгісі мен сыртқы келбетке қойылатын талаптарды бұзды деген күдікпен қамауға алынған немесе ұсталған. Бұл туралы Kazinform агенттігі БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясына (UNAMA) сілтеме жасап хабарлайды.

ООН сообщила о задержаниях женщин в Афганистане из-за внешнего вида
Фото: Kazinform/ИИ

UNAMA елдің бірнеше ауданында іс жүзіндегі билік өкілдерінің әйелдер мен қыздарды жақында қамауға алуы, ұстауы және қамауға алатынын айтып қорқытуына байланысты алаңдаушылық білдірді.

Миссияның расталған деректеріне сәйкес, 2026 жылғы шілде-қыркүйек аралығында Герат пен Кабул қалаларында кемінде 52 әйел мен бір қыз қамауға алынған немесе ұсталған. Басқа әйелдерге де қамауға алынатыны ескертілген.

БҰҰ мәліметінше, мұндай жағдайлардың нақты саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Өйткені қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық пен әлеуметтік стигма салдарынан оқиғалар туралы ақпарат толық түспейді.

Оқиғалар Ауғанстандағы іс жүзіндегі билік белгілеген киім талаптарын бұзды деген күдікпен байланысты. Атап айтқанда, әйелдер чадра кимегені, шашы көрінгені, ашық түсті орамал таққаны немесе макияж жасағаны, сондай-ақ қоғамдық орындарға махрамсыз, яғни жақын туыстарының арасынан шыққан ер адамның еріп жүруінсіз барғаны үшін ұсталған.

UNAMA хабарлауынша, әйелдер бірнеше сағат қамауда болғаннан кейін босатылған.

Бұған қоса, миссия әйелдерге, соның ішінде дүкен иелеріне қатысты ауызша қорлау, ұрып-соғу және қорқыту оқиғаларына алаңдаушылық білдірді.

БҰҰ мұндай әрекеттер әйелдер мен қыздардың жүріп-тұру, өз пікірін білдіру және жеке дербестік құқықтарын бұзатынын атап өтті. Қамауға алу мен ұстау олардың әлеуметтік стигмаға ұшырауына және қоғамнан одан әрі шеттетілуіне де әкеледі.

UNAMA Ауғанстанның іс жүзіндегі билігін әйелдер мен қыздарға қатысты белгіленген ережелерді кемсітушілікпен қолдануды тоқтатуға, барлық ауған азаматының құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтеуге, сондай-ақ елдің адам құқықтары саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырды.

Бұған дейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанға қатысты қарарды бірауыздан қабылдап, биліктегі «Талибан» қозғалысын әйелдер мен қыздарға қойылған шектеулерді алып тастауға шақырған болатын.

Сондай-ақ Ауғанстанда отбасылық құқық туралы жаңа заң қабылданғаны хабарланды. Ол белгілі бір жағдайларда кәмелетке толмағандардың қатысуымен қиылған некелерді заңды деп таниды. Мәселен, заңның 7-бабында балиғат жасына жеткен бойжеткеннің үнсіз қалуы некеге келісім бергені ретінде түсіндірілуі мүмкін екені жазылған. Бұл ереже ер адамдарға және бұрын некеде болған әйелдерге қолданылмайды.

Осыған дейін Ауғанстанда демонстрацияларға толық тыйым салынғаны туралы жаздық.