22:41, 09 Мамыр 2020 | GMT +5
Ауғанстанда гуманитарлық көмекті тарату кезінде жеті адам қаза тапты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ауғанстандағы Гор провинциясында қарсылық білдіру акциясы кезінде төрт наразылық білдіруші, екі полиция қызметкері және бір журналист мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат TOLOnews телеарнасына сілтеме жасап.

Қақтығысқа адамдардың азық-түлікті тарату кезіндегі әділетсіздікке наразылық білдіруі себеп болған.
Телеарнаның ақпаратынша, 10 полицей және кем дегенде тоғыз адам зардап шеккен.
Reuters агенттігінің деректері бойынша, шамамен 300 адам наразылық акциясын ұйымдастырған. Олардың кейбірі губернатордың резиденциясына кіруге әрекет жасаған. Акцияға қатысушылар оқ жаудырған, оларға полиция да оқ атуға мәжбүр болған.
Коронавирус пандемиясына байланысты Ауғанстанда мұқтаж жандарға азық-түлік таратылып жатыр. Ауғанстанның бірінші вице-президенті Амрулла Салехтің мәлімдеуінше азық-түлік тарату тізімінен ешкім алынып тасталмайды, билік орындары коронавирус салдарынан шығынға ұшырағандардың бәріне де қолдау көрсететілетіндігіне сендіріп отыр.