Ауғанстанда қайта саналғаннан кейін, Карзай 48 пайыз ғана дауыс алды - байқаушылар
АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат - Тамыздың 20-да Ауғанстанда өткен президенттік сайлауда берілген дауыстар қайта есептелгеннен кейін,
елдің қазіргі президенті Хамид Карзай 48 пайыз ғана дауыс алып отыр. Бұл туралы Кабулде американдық байқаушылар мәлім етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
БҰҰ аясында жұмыс істейтін Ауғанстандағы сайлаудың заңдылығын тексеру жөніндегі комиссия осының алдында ғана елдің Тәуелсіз сайлау комиссиясының қарауына дауыстарды қайта санаудың нәтижелері туралы есеп берген болатын. Баяндамада тамыздың 20-да өткен президенттік сайлаудың барысында бұқаралық заңбұзушылықтарға жол берілу фактісі ресми мойындалып отыр. Атап айтқанда, 210 сайлау учаскесі бойынша мыңдаған дауыстың күші жоқ деп танылды.
Осыдан екі ай бұрын өткен сайлаудың қорытындысы туралы көптен күткен есеп дауыс берудің екінші турын өткізуге негіз болуы мүмкін.
Ал Карзай болса, бастапқыда 54,6 пайыз дауыс алды деп мәлім етілген елдің қазіргі президентінің жетістігіне күмән туғызып отырған комиссияның қорытындысын теріске шығарды. Оның сайлау штабының жетекшілерінің бірі, комиссияның қорытындысы «фактілерді қолдан жасау екенін» және «жаңа дауыс беруге жасалып отырған талпыныс» екенін мәлім етті.