Ауғанстанда лаңкестер қатарында жүрген бірен-саран ғана қазақстандық бар - Елші

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Ауғанстан Ислам РеспубликасындағыТөтенше және Өкілетті Елшісі Өміртай Бітімов Ауғанстанда лаңкестер қатарында соғысып жүрген қазақстандықтар көп емес екенін айтты.

Ауғанстанда лаңкестер қатарында жүрген бірен-саран ғана қазақстандық бар - Елші

«Онда бірен-саран ғана адам бар. Негізінен олар жастар. Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстаннан шыққандар айтырлықтай аз»,-деді Елші.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстаннан аталған елге азаматтардың соғысуға бармауының негізгі себебі еліміз тарапынан қойылған тосқауылдан емес, атап айтқанда, мемлекетіміздегі тәртіптің және өмір сүру жағдайының өзге елдерге қарағанда жақсы болғанынан қалыптасып отыр.

«Өкінішке қарай, адасып барған жеке адамдар бар. Олар елге оралып, Ауғанстанға барғаны үшін өкінішін білдіруде»,-деді Ө. Бітімов.

Дипломаттың атап өтуінше, ауған үкіметінің статистикасы да бұндай адамдарды ұлты бойынша ажыратпайды, сондықтан да бұл тұрғыда түсінбестік болуы ықтимал.