Ауғанстанда НАТО-ның әскери тікұшағы құлап, бес адам қаза тапты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан астанасы Кабулда НАТО-ның тікұшағы құлап, салдарынан кем дегенде бес адам ажал құшты және бес адам зардап шекті, деп хабарлады Би-би-си.
Тікұшақ Resolute Support НАТО миссиясының базасына қонар кезде құлаған.
Көз жұмғандардың ішінде - британиялық ӘӘК екі әскериі бар, деп хабарлады Британияның қорғаныс министрлігінен.
"Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр, алайда бұл оқиғаның көтерілісшілермен еш байланысы жоқ екенін растай аламыз", - деп хабарлады ведомствода.
Resolute Support НАТО миссиясына 42 елдің 13 мыңнан астам әскериі қатысып жатыр. Миссия мақсаты ауған қауіпсіздік күштерін оқыту және оған көмектесу.