Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші кезеңі өтуі мүмкін

АСТАНА. Қазанның 16-сы.  ҚазАқпарат - Ауғанстанда    президенттік  сайлаудың екінші кезеңі   өтуі мүмкін,    деп мәлім етті    Ауғанстанның  АҚШ-тағы  елшісі Саид  Жауад.  

Ауғанстанда   президенттік  сайлаудың екінші  кезеңі өтуі мүмкін

 Елшінің айтуынша,    бірнеше күннен кейін  сайлаудың бірінші кезеңінің  қорытындысы  жария  етіледі.  Егер  келесі  тур  жарияланатын  болса,    ол   2009 жылдың  қараша айынан  кешіктірілмей өткізілуі  керек, себебі  одан кейін Ауғанстанда  суық    елдің бірқатар аудандарында  сайлау өткізуге кедергі  болады, ал    дауыс беруді келесі   көктемге  дейін    созу   саяси  апатқа әкеліп тірейді,  деп санайды дипломат.  Бұл туралы  РБК агенттігі  хабарлады.

Президенттік  сайлау  Ауғанстанда  тамыздың  20-сында өтті.  Елдің сайлау комиссиясы содан бері     дауыс берудің  қорытындысын  есептеп бола алмай  жатыр.  Сайлауда оның  заңдылығына  күмән туғызатын   күрделі   заңбұзушылықтар    болғаны  айтылуда.   Алдын-ала мәліметтер  бойынша, елдің  қазіргі президенті Хамид  Карзайға сайлаушылардың 54,6 пайызы дауыс  берген.