Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші турындағы дауыстарды қайта санау басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші турындағы дауыстарды қайта санау басталды. Тәуелсіз сайлау комиссиясы (ТСК) 8,1 млн. адамның дауысын тексеретін болады.
Бұл шараны өткізу үшін әрқайсысы 2-3 адамнан құралған жүзге жуық топ жасақталды. Олар өз кезегінде сайлау жәшіктері мен бюллетеньдерін, пломбаларды, сондай-ақ хаттамаларды толтырудың дұрыстығын зерттеп шығады.
«Жергілікті және халықаралық байқаушылар осы үдерісті байқау мүмкіндігін алды. Бұл жұмыстар үш аптаға жуық уақыт алады», - дейді Тәуелсіз сайлау комиссиясының өкілі Нур Мохаммад Нур.
ТСК қызметкерлері екі ауысымммен жұмыс істейді, ал бюллетень салынған сайлау жәшіктерін тасымалдауды НАТО күштері жүзеге асырады, деп жазады ИТАР-ТАСС.
ТСК-ның алдын ала мәліметтері бойынша Ауғанстанда президенттік сайлаудың екінші кезеңінде 56,44 пайыз дауыспен Ашраф Гани Ахмадзай алда тұр. Оның қарсыласы Абдулла Абдулла сайлаушылардың 43,56 пайыз дауысын жинады. Абдулла бұл қорытындымен келіспейтіндігін, яғни онда бұрмалау фактілері орын алғанын айтып, наразылық білдірді. Осыдан кейін елде күрделі саяси дағдарыс орын алды.
Дауыстарды қайта санау мәселесі өткен аптада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керридің Кабулға сапарынан кейін өзекті болды. Ол қос кандидатпен де келіссөздер жүргізіп, Мемлекет басшысы лауазымынан кетіп бара жатқан Хамид Карзаймен кездесті.