Ауғанстанда президенттікке үміткерлерді ресми тіркеу басталды
АСТАНА. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат – Сенбі, сәуірдің 25-інде Ауғанстанда ел президенттігіне үміткерлерді ресми тіркеу басталды.
Ауғанстанның Орталық сайлау комиссиясынан хабарлағанындай, президенттік сайлауға және провинциялық кеңес сайлауына қатысу туралы ресми мәлімдемемен комиссияға үш адам өтініш берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ауғанстан.Ру сайтына сілтеме жасап. Тәлібтердің режимі құлағаннан кейін осымен екінші рет өткелі отырған жалпыұлттық сайлау ағымдағы жылы тамыздың 20-сында өтеді деп күтілуде. Ауғандық БАҚ-тардың мәліметтері бойынша, 40-тан астам адам президенттік сайлауға өз кандидатураларын ұсынуға ниеттеніп отыр. Жергілікті шолушылар елдің қазіргі басшысы Хамид Карзайды, елдің бұрынғы Сыртқы істер министрі доктор Абдулла Абдулланы, бұрынғы Қаржы министрі Ашраф Ғани мен бұрынғы Ішкі істер министрі Әли Ахмад Жалалиді негізгі кандидаттардың қатарында атап отыр. Бірақ аталған тұлғалардың ешқайсысы әзірге орталық сайлау комиссиясына тіркелген жоқ, деп хабарлады журналистерге тәуелсіз сайлау комиссиясынан.