Ауғанстандағы сайлау алдындағы додада тоғыз үміткер қалды
ӘБУ-ДАБИ. ҚазАқпарат - Жексенбі күні Кабулда ел президентіне үміткерлердің бірі, генерал Абдул Рахим Вадак өзінің сайлау додасынан шығатынын жариялады. Сөйтіп, Ауғанстандағы жоғарғы саяси лауазымға үміткерлер саны тоғыз адамға дейін қысқарды.
Генерал Абдул Рахим Вардак - Ауғанстанның бұрынғы қорғаныс министрі және президенттің әскери кеңесшісі, ол әзірге қалған үміткерлердің қайсысын қолдайтынын айтқан жоқ. Дегенмен, бірқатар ауғандық талдамашылар бұны президенттікке үміткерлер коалициясын қалыптастыру үдерісінің жалғастырылып отырғанына балады.
«Билік мен үшін ешқашан да маңызды болған емес және олай болмайды да. Бұған дейін мен осылайша бес әртүрлі басты лауазымдарды тастап кеттім, ал әзірге мен алдағы сайлауда қай үміткерге қосылуымды шешкен жоқпын», - деп мәлімдеді баспасөз мәслихатында А.Вардак.
Абдул Рахим Вардак Ауғанстанда 5 сәуірде өтетін президент сайлауынан өзінің кандидатурасын алып тастаған екінші үміткер. Кейбір ауған саясаткерлері А.Вардактың бұл қадамын тағы бір үміткер Каюм Карзайдың осындай шешімімен байланыстырады. Өткен айда қазіргі президенттің інісі К.Карзай да ресми түрде өзінің науқанын аяқтап, бұрынғы сыртқы істер министрі Залмай Расулды қолдайтынын мәлімдеді.
Кабулдегі саясаттанушы Ахмад Джойенда Каюм Карзай мен Абдул Вардактың әрекеті қазіргі биліктің басты фавориті Залмай Расулдың жеңісіне жол ашуы тиіс деп санайды.
2010 жылғы қаңтарда Ауғанстан президенті Хамид Карзай өзі сайланғаннан кейін Залмай Расулды ел парламентіне сыртқы істер министрі қызметіне үміткер ретінде ұсынған болатын, оның кандидатурасы парламенттің төменгі палатасы мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданды.
Соңғы 12 жыл З.Расул Хамид Карзайдың ел басшылығындағы сенімді адамдарының бірі болып, оның көптеген маңызды сапарларына еріп жүрді.