Ауғанстандық баланың денесінде осы елдің мемлекеттік картасының «көшірмесі» бар болып шықты

9 жастағы ауған баласы Гранның есімі күтпеген жерден төрткіл дүниеге әйгілі болды»,- деп жазады «Айқын» басылымы. Қарапайым етікшінің отбасында дүниеге келген ұлдың денесіндегі «картаға» ата-анасы да, дәрігерлер де бастапқыда мән бере қоймапты. Бір таңданарлығы, Ауғанстанның картасы Гранның денесінің сол жақ бөлігіне, жүрек тұсы маңына орналасқан екен. Мұны көрген жергілікті көріпкел мен бақсы-балгерлер «ол - Аллаһтың баласы, мұндай мүмкіндікті оған Құдай сыйлаған, біз Гранды өмір бойы қадір тұтып, аялауымыз керек» - деген көрінеді. Ал мұны естіп-білген жергілікті қалталы азаматтар ерекше жаратылған Гранның ата-анасына жекеменшік тұрғын үй салу үшін арнайы жер телімін сатып алып берді. Бұған қоса, баланың оқып, білім алуына қажетті қаржыны да өз мойындарына алды. Сондай-ақ жергілікті патриоттар Гранның отбасы мүшелерінің әрқайсысына ай сайын 100 АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлуге уәде етті. Гран Ұлыбританияның «The Daily Telegraph» газетінің тілшісіне берген сұхбатында: - Бұған дейін әкем күн сайын үйге ең кем дегенде, 4 АҚШ доллары көлемінде қаржы тауып келуді талап ететін. Ал көк тиын түспеген күні есімнен танғанша сабайтын. Құдіреті күшті Аллаһтың арқасында әкем Шердің азабынан құтылдым. Маған көмектескен тұрғындарға шексіз ризамын, - деп жан сырын ақтарыпты.