«Ауғанстанға Қазақстан Қарулы Күштерінің контингенті жіберіледі» деген әңгіме бекер - ҚР СІМ
АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстан мен НАТО арасындағы келісім Ауғанстандағы халықаралық күштердің Кабулда орналасқан штабына 4 қазақстандық офицерді жіберуді қарастырады.
Сондықтан Ауғанстанға Қазақстан Қарулы Күштерінің контингенті жіберіледі деген әңгіме артық айтылған сөз. Бұл туралы бүгін Астанадағыь апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бұл ауған халқының өзі таңдаған және БҰҰ мойындаған Ауғанстан үкіметі мен Парламентіне қауіпсіздікті қамтамасыз ету және бейбіт өмірді қалпына келтіру бойынша халықаралық қолдау шараларына атсалысу болып табылады. «Жалпы Ауғанстандағы халықаралық коалицияға бүгінде 47 мемлекет қатысуда. Оның 19-ы НАТО-ға мүше емес мемлекеттер. Ал 6-ауы Ислам конференциясы ұйымына кіреді»,-деді ресми өкіл.
Оның айтуынша, елімізден Ауғанстанға аттанатын 4 маманның 2-еуі әскери сарапшылар, 1-еуі дәрігер, 1-еуі тыл ұйымдастырушысы.