Ауғанстанға жүздеген шетелдік инвестор қызығушылық танытып отыр – Нуриддин Азизи

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауғанстанда жеке секторға салық жеңілдіктері беріліп, шетелдік инвесторлар шақырылып жатыр. Бұл туралы Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ауғанстанға жүздеген шетелдік инвестор қызығушылық танытып отыр – Нуриддин Азизи

«Ауғанстанның аймақтағы маңызды өнеркәсіптік орталықтардың бірі болу мүмкіндігі барын жақсы білесіздер. Ауғанстан ислам әмірлігі шетелдік инвесторларға, әсіресе Қазақстаннан және өңірдің басқа елдерінен келген кәсіпкерлерге ел ішінде қажетті жағдай жасауға дайын. Ауғанстандағы ұлттық қауіпсіздік, процестерді жеңілдету, әкімшілік сыбайлас жемқорлықты жою және мемлекеттік істегі ашықтық Ауғанстандағы бизнестің өсуіне әкелді. Өткен жылы Ауғанстан экспортының көлемі алғаш рет 120 пайызға өсті», - деді Нуриддин Азизи Астанада өткен бизнес форумда.

Сонымен бірге, сауда және транзит саласындағы көпжақты қатынастарды дамыту үшін Ауғанстанның сауда серіктестерімен, оның ішінде Өзбекстанмен, Иранмен, Ресеймен, Қытаймен, Пәкістанмен және басқа елдермен келіссөздер жүргізіліп, базалық уағдаластықтар жасалған.

«Соңғы уақытта жүздеген шетелдік инвесторлар Ауғанстанның түрлі секторларына инвестиция салуға қызығушылық танытты, жұмыс істеуге рұқсат алды және өз қызметін бастау үшін түрлі Ауғанстан ведомстволарымен байланыста болды. Ауғанстан ислам әмірлігі жеке секторға мүмкіндік беру үшін көптеген салық жеңілдіктері беруді қарастырды, мен шын жүректен құрметті инвесторларды Ауғанстанға толық сеніммен инвестиция салуды сұраймын және шақырамын», - дейді Нуриддин Азизи.